Қарағанды облысының кәсіпкерлерімен бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов кездесті

Қарағанды облысының кәсіпкерлерімен бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов кездесті

Қарағанды облысында жыл сайын шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны артып келеді. Өңірдегі бизнесмендермен кездесуде Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов оң үрдісті атап өтті.

Мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қатысуымен өткен дөңгелек үстелде облыс басшысы Жеңіс Қасымбек ШОБ саласын дамыту үшін қандай қадамдар жасалып жатқанын айтты.

Мәселен, кәсіпкерлердің өтініші бойынша энергоХҚКО мәселесі шешілуде. Өтінімдерді қарауды монополистер электрондық форматта жүргізетін болады, бұл адами фактордың әсерін болдырмайды және әкімшілік кедергілерді жояды. ЭнергоХҚКО-ды осы жазда іске қосылады деп көзделіп отыр.

– Биыл микро және шағын бизнес үшін түпкілікті мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын микширленген қаражат есебінен бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Креативті индустрия, туризм, әлеуметтік кәсіпкерлік жобаларына басым қолдау көрсетілетін болады, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Облыста "Е-өтініш" электронды платформасы және өткен жылы қабылданған әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексі оң нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, атқарушы органдар бірінші жартыжылдықта кәсіпкерлерден 261 өтініш қабылдады, оның 249-ы қанағаттандырылды.

Өз кезегінде Рустам Жүрсінов жергілікті бизнес-қоғамдастықты кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытудағы әкімшілік кедергілерді азайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан реформаға қатысты бірнеше сөз айтқым келеді. Бұл басынан бастап реттеу деп аталады. 2016 жылы 1115 түрлі лицензиялар, рұқсаттар болды. Олар 74%-ға қысқарды.  Мемлекеттің бақылау функцияларының саны 544 болып, 30%-ға қысқарды. Мораторий қорытындысы бойынша біз шағын және микробизнеске қатысты тексерулердің 9 еседен астам қысқарғанын көріп отырмыз. Бұл, менің ойымша, кәсіпкерлікті дамыту үшін жақсы нәтиже береді, – дейді Рустам Жүрсінов.

Кездесуде қарағандылық бизнесмендердің мәселелері мен ұсыныстарына басты назар аударылды.

Тікелей диалог түрінде салық салу, сауда субъектілері үшін ҚҚС, азаматтық істерді қарау тәжірибесін өзгерту саласындағы мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, кәсіпкерлерді еңбекақы қорына жүктеменің артуы алаңдатады.

Барлық ұсыныстар мен сұрақтар әрі қарай шешу үшін бақылауға алынды.