
Жақын уақытта Приозерск қаласында Балқаш жағалауында кемпинг пен жазғы дәмхана ашылады. Сондай-ақ, қалада жаңа газет шығарылады. Бизнес-жобаларды қала әкімі Сапар Сатаевтың грантын алған бизнесін жаңа бастаған кәсіпкерлер ұсынды.
Әкім гранты конкурсына 19 адам қатысты. Олар түрлі жобалар ұсынды. Оның ішінде комиссия ең лайықты жетеуін таңдады. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге 500 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін қаражат бөлінді.

Сабыржан Ескенов Балқаш көлінің жағасында туристер үшін дәмхана ашпақшы. 28 жастағы ер адам маркшейдер болып жұмыс істейді. Байқау және жерді жалға алу мүмкіндігі туралы біліп, ол бизнес-жоспар құрып, өтініш берген. Бизнесін жаңа бастаған кәсіпкер 3 миллион теңге ұтып алып, әзірге екі адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.
– Мұндай гранттар – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін тамаша мүмкіндік. Егер бұл ақша болмаса, мен өз ісімді аша алмас едім. Көлдің жағасында шағын мобильді ас үй орнатуды жоспарлап отырмын. Қырлы тас төсеп, аумақты қоршап, онда тапшан мен үстелдер қоямын. Осы айда ашамыз, –дейді Сабыржан. – Бұл туристерге арналған кафе болады, олар аспазымыз пісірген балық пен дәмді кәуәптерден дәм тата алады. Адамдардың бізге тамақпен келуіне біз де қарсы емеспіз. Бірақ тәртіпті қадағалаймыз, бізде алкоголь болмайды.

Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультетінің 20 жастағы студенті Махамбет Исатай Приозерск қаласында редакциясын ашқысы келеді. Ол апта сайын Qorjyntübek Jarşysy газетін шығаруды жоспарлап отыр.
– Қоржынтүбек – қаламыздың қазақша атауы. Мен бес жүз дана тиражбен газет шығармақшымын. Біздің оқырмандарымыз болады деп ойлаймын, – дейді Махамбет. – Мен қазірдің өзінде техника, жиһаз сатып алып жатырмын. Бірінші шығарылымды 9 шілдеге жоспарлап отырмыз және оны Елорда күні мен Құрбан айтқа арнағымыз келеді. Газетті "Қазпошта" арқылы таратамыз.
Сондай-ақ, жақын арада Приозерск қаласында гриль өнімдерін дайындау пункті, мобильді балмұздақ дүңгіршегі және жылжымалы тир, жазғы кемпинг, ауыз су сататын вендингтік аппараттар пайда болады. Көл жағасында туристерге арналған басқа да қызметтер көрсетіледі.