
Қарағанды облысының полиция департаментінде интернет-алаяқтар туралы бейнероликтер байқауының қорытындысы шығарылды. Бас жүлдені № 15 орта мектептің оқушысы Ангелина Газдиева жеңіп алды.

Интернет-алаяқтар пайдаланатын әдістер туралы үздік бейнеролик байқауына мектеп оқушылары, студенттер, блогерлер мен журналистер қатысты. Шығармашылық жарысқа үш банк демеушілік етті.
Қатысушылардың жұмыстарын БАҚ өкілдері, қоғам қайраткерлері және банк саласының қызметкерлері арасынан қазылар алқасы қарады. Тақырыптың толық ашылуы, ұсынылған ақпараттың өзектілігі, автордың шығармашылық көзқарасы бағаланды.
– Қазіргі уақытта интернеттегі алаяқтық – қылмыстың ең көп таралған түрі. Осы бейнероликтер арқылы алаяқтардың айла-амалдары туралы ескерту үшін біз осы байқауды жарияладық, – дейді Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин. – Барлық қатысушыларға шығармашылық тәсілдемелері үшін рахмет! Біздің бірлескен ынтымақтастығымыз одан әрі жалғасады деп ойлаймын.
Байқау қорытындысы бойынша №15 орта мектептің 11 сынып оқушысы Ангелина Газдиева Гран-при иегері атанды. Ол iPhone 13 Pro ұтып алды.

– Мен төрт жыл бойы бейнемонтажбен айналысып келемін. Балаларға да, ересектерге де жаңа нәрсе бере алатын тек ақпараттық бейнелер шығарамын, – дейді мектеп оқушысы. – Байқаудың шарттарын білген кезде мені бұл тақырып өте қызықтырды. Адамдар менің бейнемді қарап, интернет-алаяқтық деген не және онымен қалай күресуге болатынын білуі үшін мен өз үлесімді қосуды ұйғардым. Жеңіске жетемін деп күтпедім, қалған жұмыстар да жоғары деңгейде болды деп ойлаймын. Әрине, мен қуаныштымын.

Бірінші орынды Айсұлтан Жақыпов, екінші орынды Бекжан Есенов, үшінші орынды Елена Сахарчук иеленді. Оларға конкурсқа қатысушылардың дипломдары мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Сонымен қатар, Айзат Мұстафина, Ержан Райханов, Әлихан Семби, Валентина Драгне, Әлімхан Сәрсенбаев, Ержан Досжанов ҚР ІІМ рәміздері бар қол сағаттарын алды.