Саранда мемлекеттік тілді білу байқауының жеңімпаздары анықталды

Саранда мемлекеттік тілді білу байқауының жеңімпаздары анықталды

Саран қаласында ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған "Үздік тыңдаушы" байқауының қорытындысы шығарылды. Шараға қалалық тілдерді дамыту орталығы ұйымдастырған курстарда қазақ тілін үйренушілер қатысты.

Төрт кезеңнен тұратын лингвистикалық жарыста 11 адам бақ сынасты.

"Сәлем – сөз анасы" бірінші турында үш минут бойы қатысушылар өздері және өздерінің әуестіктері туралы айтып берді. Қазылар алқасы ауызша сөйлеу сауаттылығын бағалады.

Екіншісінде " Кім жылдам?" грамматиканы меңгеру деңгейі тексерілді, тапсырмалар kahoot платформасы арқылы орындалды.

"Сауатты жазу біліктілік өлшемі" атты үшінші турда қатысушылар жазу дағдыларын бағалады, экранда көрсетілетін ұяшықтар бойынша тақырыпты таңдап, 5–6 сөйлемнен тұратын мәтін жазды.

Соңғы кезең – "Тыңдай білу – үлкен өнер". Мұнда тыңдау дағдылары анықталды. Қатысушыларға жетіспейтін сөздері бар тапсырмалар берілді, аудио мәтін бойынша бос жолақтарды толтыру қажет болды.

Әр кезең бес балдық жүйе бойынша бағаланды. Негізгі назар сөйлеу, оқу, жазу, тыңдау дағдыларына аударылды. Екпін, ойларын дұрыс жеткізу, тілді түсіну деңгейі ескерілді.

– 2014 жылдан бастап біз қазақ тілі курсын жылына үш рет өткіземіз. Бізде жылына 108 адам оқиды, кейде одан да көп болады. Мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылық үнемі артып келеді. Бұрын бізде тек мемлекеттік қызметкерлер мен мемлекеттік мекемелердің мамандары ғана оқыды. Ал соңғы уақытта кәсіпкерлер мен қаланың түрлі ұйымдарының қызметкерлері білім алуда, – деді Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының директоры Береке Жарылғапова.

Руслан Сұлтанов "Саранькоммунсервис" кәсіпорнында ағынды суларды бұру учаскесінің шебері болып жұмыс істейді. Мемлекеттік тілді үйрену курсына әріптесінің ұсынысы бойынша қаңтар айында жазылған және үзбей сабақтарға қатысып отырады екен. Ол осы байқауда екінші орын иеленді.

– Сабақтар кешкі уақытта аптасына бір рет өткізіледі. Мен үшін бұл өте ыңғайлы. Мемлекеттік тілді білу менің жұмысымды жеңілдетеді: учаскеде қазақша сөйлейтін клиенттер көп. Өмірімде де қазақ тілін білгенім маған пайдалы болады, – деді Руслан.

Байқауда бірінші орынды Саран Жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Евгения Бенко алды. Ол болашақ мұғалім және мемлекеттік тілді білу міндетім деп санайды.

Үшінші орын Татьяна Федуловаға бұйырды. Бойжеткен "Қарағанды Жарық" компаниясының Саран филиалында жұмыс істейді. Ол қазақ тілін мектеп қабырғасынан меңгере бастаған және қазір ол мемлекеттік тілде еркін сөйлейді.

Байқау төрт сағатқа созылды. Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Қалған қатысушылар алғыс хаттар алды.