
Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай Қарағанды облысында мерзімінен бұрын атақтармен, төсбелгілер, құрмет грамоталары, медальдар, алғыс хаттармен үздік шыққан 900- ден астам қызметкер марапатталды. Естелік сыйлықтар қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан тәртіп сақшыларының туыстарына да берілді.

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының сахнасында полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Полицейлерді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек құттықтады.


– Сіздерді Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер әрдайым қылмыспен күресте алдыңғы қатарда жүріп, қоғамдық тәртіпті сақтайсыз және аймақтағы тұрақтылықты сақтау үшін ерекше жауапкершілікті арқалап жүресіздер. Жыл басынан бері, бес айдың қорытындысы бойынша, қылмыстар саны едәуір төмендеп, ашылу деңгейі өсті, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен полиция департаменті штабының жедел кезекшісі подполковник Нұржан Тәкенов марапатталды. Ол Б. Бейсенов атындағы ІІМ Қарағанды Академиясының түлегі, ішкі істер органдарында 22 жыл қызмет етеді.
– Мен әкемнің ізін басып келем, ол органдарда жұмыс істеді, зейнетке шықты. Менің ойымша, біздің ісіміздегі ең бастысы – лайықты, адал, әділ болу. Мен өз жұмысымды жақсы көремін, өмірімде барлығы осылай құрылғанына ризамын, – дейді Нұржан Тәкенов. – Әріптестерімді мерекемен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық тілеймін.

Оқу-жаттығу взводының инспекторы майор Еркебұлан Камиев пен арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасының инспекторы капитан Нұржан Сағадиев өңір басшысының Құрмет грамоталарын алды.

Жедел әрекет ету арнайы жасағының аға инспекторы полиция майоры Жанболат Қабыкенге, Департаменттің полицей-жүргізушісі сержант Виктор Ярковқа және Саран қаласы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы майор Айдар Мақановқа облыс әкімінің қолы қойылған алғыс хаттар табысталды.

– Маған көрсетілген құрмет үшін ризамын. Мен полицияда жұмыс істеуді бала кезден таңдадым. Біздің отбасымызда органдарда қызмет еткендер
көп. Әрдайым полицей болуды, форма киіп, өз халқыма қызмет етуді армандайтынмын, – деп бөлісті Айдар Мақанов.

Сонымен қатар, ҚР ІІМ Құрмет грамоталары мен марапаттары табысталып, алты полицей "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалімен, сегізі – "Ішкі істер органдарының үздігі" төсбелгісімен марапатталды, алты қызметкерге мерзімінен бұрын атақ және сегіз қызметкерге бір саты жоғары атақ берілді.

"Қазақстан полициясына 30 жыл" мерейтойлық төсбелгілерімен 750 полицей, ішкі істер органдарының ардагерлері және қаза тапқан тәртіп сақшыларының отбасы мүшелері марапатталды.

Мерекелік шара гала-концертпен жалғасты. Тәртіп сақшыларының алдында эстрада әртістері мен Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік өнер көрсетті.
