
Биыл Саран қаласында орталықтандырылған қазандықтың құрылысы аяқталып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік сала объектілерін жылуға қосу бойынша кезең-кезеңмен жұмыс басталады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов мәлім етті.

– Облыс тұрғындарын үздіксіз және сапалы жылумен қамтамасыз ету үшін биыл жылумен жабдықтау саласында жалпы сомасы 15,8 млрд теңгеге жеті инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда, – деп атап өтті Ұлантай Үсенов. – 8,2 км жылу желілері салынады және қайта жаңартылады. Өткізілетін іс-шаралар шамамен 200 мың адамды үздіксіз және сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өңірде газдандыру процесі қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі таңда Қарағанды, Теміртау және Жезқазғандағы үш мың үйге желі тартылды. Бұл шамамен жеті мың тұтынушы. Жеке тұлғалар үшін 274 техникалық шарт берілді, газбен жабдықтауға 177 үй қосылды.
Саран қаласына газ құбырын тарту жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда газ құбырының 18 шақырымы монтаждалып, 17 шақырымы салынды. Келесі жылы Саран және Ақтас, Дубовка кенттерінде қалаішілік газ тарату желілерінің құрылысы басталады.
– Облысты одан әрі газдандыру шеңберінде Осакаров ауданының Осакаровка кентінде және Шахтинск қаласында газбен жабдықтау желілерінің құрылысына шарттар жасалды. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады, – деді спикер.
Сонымен қатар, инвестициялық бағдарламалар бойынша өңірде биыл 68 км электр беру желілері мен 87 қосалқы станция жабдықтарын жаңғырту және салу жоспарланған.