Қарағанды облысындағы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қатары 30 жас офицермен толықты

Қарағанды облысындағы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қатары 30 жас офицермен толықты

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығында 30 жас офицер қызметке кірісті.

«Орталық» ӨҚ қолбасшысы генерал-майор Сәкентай Шеқарбеков келушілер алдында сөз сөйледі:

— Сіздерге, яғни қызметке жаңадан тағайындалған офицерлерге командирлік қабілеттеріңізді көрсетуге әрі шыңдауға барлық мүмкіндік жасалып отыр. Әрқайсыңыз офицерлік жолды адал әрі абыроймен өтіңіздер! Ата-аналарыңыздың, академия ұстаздарының сенімін ақтап, мамандықтарыңызға адал болыңыздар!

Қызмет етуге келген Ұлттық ұлан академиясының түлектерінің арасында Данила Горбуль бар, оған бірінші офицерлік погондарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табыс етті. Жас жігіт оқуын үздік бітірді.

— Бізге үлкен үміт артылып отыр, себебі біз сарбаздарды Отан қорғауға үйретіп, алдыңғы шепте жеке үлгі болуымыз керек. Әрбірімізге Отан алдында адал қызмет етуге тілектеспін, — деді лейтенант Данила Горбуль.

Жас офицерлер үшін оқу-жаттығу жиындары өткізіліп, олар қызметке тағайындалды.

ҚР Ұлттық ұланы "Орталық" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша