Балқаштықтар жеке тұрғын үй құрылысына 10 сотық жер ала алады

Балқаштықтар жеке тұрғын үй құрылысына 10 сотық жер ала алады

Балқаштықтар мемлекеттен жеке үй салу үшін 10 сотық жер алуға өтініш бере алады. Ол үшін қаланың жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөліміне жүгіну қажет.

Өтініш берушілер Жұмысшы кентінде, 64-ші және 90-шы орамдарда, Балқаш-1 станциясында (Жусанды көшесі) жер алуға үміткер бола алады. "Самал" тұрғын ауданында жер қажет болса, кезекке тұру керек.

– 18 жастан асқан кез келген қазақстандық жеке тұрғын үй құрылысына 10 сотық жер учаскесін тегін алуға құқылы, – деп түсіндірді қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Әлібек Ағыбаев. – Азаматтың жеке меншік құқығындағы үйінің немесе пәтерінің не жалдау немесе жалға алу шарты бойынша өзі пайдаланатын мемлекеттік және қоғамдық тұрғын үй қорындағы пәтерінің, саяжай немесе бау-бақша жер учаскесінің болуы ЖТҚ үшін жер учаскесін беруден бас тарту үшін негіз болып табылмайды. Бұл ретте жер учаскесін қайтадан тегін беруге жол берілмейді.

Жер берілгеннен кейін белгілі бір шарттар бар. Тұрғын үй үш жыл ішінде салынуы керек. Егер бұл мерзімде үлгеруге мүмкіндігі болмаса, тағы екі жыл беріледі. Үйге меншік құқығы пайдалануға беру актісімен расталады.

Қосымша ақпарат алу үшін қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөліміне хабарласыңыз: Уалиханов көшесі, 5, Қалалық білім бөлімінің ғимараты, 3 қабат, 1 кабинет.

Байланыс нөмірі: (8-71036) 6-63-88.

"Самал" ауданында жерге кезекке тұру үшін (8-71036) 4-10-59 телефонына қоңырау шалуға болады.