Абайда отыз жыл бойы бос тұрған жылыжай қалпына келтірілді

Абайда отыз жыл бойы бос тұрған жылыжай қалпына келтірілді

Абай кәсіпкерлері Әлия Жұматаева мен Қазбек Асылбеков қараусыз қалған жылыжайды қалпына келтіріп, онда северин сұрыпты қияр өсірмек. Болашақта олар қызғалдақ пен павлония өсіруді көздеп отыр.

Қараусыз қалған шахта құрылыс басқармасының жылыжайын қалпына келтіру идеясы бес жыл бұрын пайда болды. Кәсіпкерлер әкімдікке нысанды сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру туралы өтінім берді. 

– Жылыжай баланста еш жерде жоқ екені белгілі болды. Алдымен объектіні иесіз деп тану туралы соттар болды, содан кейін оны мемлекет балансына ауыстырды, – дейді Әлия Жұматаева. – Содан кейін сауда-саттық жүргізіліп, жылыжай бізге сенімгерлік басқаруға берілді. Өткен жылдан бастап біз жөндеу жұмыстарын бастадық, әйнектер орнаттық, жылыту жұмыстарын жүргіздік, жұмыс орындарын құрдық. Жалпы, жылыжай қалпына келтірілді.

Кәсіпкерлер сегіз адамды жұмысқа орналастырған. Бірінші кезекте олар северин сортының бес мың қияр бұталарын отырғызды. Жылытылатын жылыжайдың жалпы ауданы мың шаршы метрден асады. Бұтадан орта есеппен 4 кг өнім жинау жоспарлануда, бір жыл ішінде жылыжай қызметкерлері 70 тонна қияр жинамақшы.

– Бізде экологиялық кәсіпорын бар. Біз нитратты қолданбаймыз. Тамшылатып суару жүйесі жолға қойылған. Өнімді Қарағандыда да, Нұр-Сұлтанда да сатамыз. Біздің қызметкерлердің орташа жалақысы 110 мың теңге.  Тағы 10 мыңды біз қосымша ақы ретінде төлейміз. Сондай-ақ, егер қызметкерлер ширақтық танытса, көтермелейміз, – деп қосты Әлия Жұматаева. – 2023 жылдың 8 наурызына қарай 25 мың қызғалдақ өсіру жоспарлануда. Қазіргі уақытта қияр өсіруге ауа-райы қолайсыз, салқын, алайда бұл гүлдер үшін ең қолайлы температура.

Келесі жылы кәсіпкерлер жылыжайда 200 шаршы метр алаңда павлония өсіруге арналған тәлімбақ жабдықтамақшы.

– Бұл өте әдемі ағаш, теректің баламасы. Бір жылда үш метрге дейін бой көтереді. Бізде 500 шаршы метр бос алаң бар. Тағы бір жылыжайды үздіксіз цикл үшін жабдықтауды жоспарлап отырмыз: біреуінде өнім егетін болсақ, екіншісі демалады, – дейді кәсіпкер.