
Төтенше жағдайда абыржымау және мұқтаж жандарға алғашқы көмек көрсету – мұны Қызыл Жарты Ай қоғамының Қарағанды филиалы өткізетін іс-шараларда үйретеді. «Біздің қорғалу құқығымыз» жобасының басты мақсаты – балаларға болашақта адамдардың қаза болу санын азайтуға көмектесетін білім мен дағдыларды беру болып табылады.

Төрт ай бойы оқушыларға нақты мысалдармен үйде, көшеде және көлікте штаттан тыс жағдай туындаған кезде өзін қалай қорғау керектігі айтылады және көрсетіледі. Балалар мен жасөспірімдерге өрт, жарылғыш заттарды табу және қарулы адамдардың шабуылы кезінде не істеу керектігі түсіндіріледі. Судағы қауіптерге де көп көңіл бөлінеді.

Қарағанды облысының аумағында екі мыңнан астам су қоймасы бар. Олардың шамамен 187-сі қауіпті. Сондай-ақ, зауыттық арықтарға, карьерлерге және тұндырғыштарға еш кедіргісіз баруға болады.

– Бүгінде облыста 5 жастан 18 жасқа дейінгі 434 мың бала бар. Жазғы кезеңде оқушылар ата-аналарының қарауынсыз тәулігіне 2-ден 8 сағатқа дейін жүреді, – дейді «Қызыл Жарты Ай қоғамы» ҚБ Қарағанды облыстық филиалының басшысы Татьяна Абрамова. – Мамырдан қыркүйекке дейін балалар көп уақытты суға жақын аумақтарда өткізуге тырысады. Бұл жағдайда кез-келген тоғандар, тіпті мүлдем таныс емес жерлерге баруға құштар болып тұрады. Бұл жарақатқа, кейде өлімге әкеледі. ТЖ қызметкерлерімен бірге біз бұл жағдайды жақсы жаққа қарай өзгерткіміз келеді.

Соңғы шаралардың бірі Теміртауда өткізілді. Балаларға суға батқандарды құтқару кезінде дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету ережелері үйретілді.

Ұйымдастырушылар жоба аясында кемінде 40 мың адамды қамтуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, дене шынықтыру мұғалімдері мен әлеуметтік педагогтар қатарынан балалар қауіпсіздігі бойынша нұсқаушыларды даярлау, оқушылар мен жас волонтерлер үшін сабақтар, шеберлік сабақтары және практикалық тренингтер өткізу көзделуде.
Жоба «Орталық Азияның Еуразия Қоры» КҚ мен «Шеврон» компаниясының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылады.