«Айбоз» әдеби сыйлығының әр жеңімпазы 5 миллион теңге алады

«Айбоз» әдеби сыйлығының әр жеңімпазы 5 миллион теңге алады

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Айбоз» ұлттық тұңғыш әдеби сыйлығына байқау жариялады. Сайысқа барлық отандық жазушылар қатыса алады.

«Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драма», «Үздік көркем аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс» және «Үздік кітап дизайны» номинациялары бойынша жеңімпаз атанғандар 5 миллион теңгеден ақшалай сыйлық алады.

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев бұл жобаның міндеті – әдебиетшілерді қолдау ғана емес, сонымен қатар жазушылық өнердің айрықша әлеуметтік маңыздылығын қоғамға көрсету екенін атап өтті.

«Бұл – отандық кітап шығару ісі мен әдебиетті қолдау бағытында жүзеге асырып жатқан іс-шаралардың бірі ғана. Ел Президенті белгілеп бергендей, біздің түпкі мақсатымыз – оқитын ұлт қалыптастыру. Ол үшін біз «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясын қоса алғанда, жас авторларды қолдаудың жаңашыл тетіктерін құрып, мемлекеттік субсидиялау көлемін ұлғайтып жатырмыз. Гранттар мен сыйлықтар жариялап, кітап жәрмеңкелерін өткізіп келеміз. Болашақта проза, поэзия және драматургиядағы ең мықты жас таланттарды қолдау және табиғи қабілетін шыңдауға арналған «әдеби зертхана» ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Дәурен Абаев.

Өтінімдерді мына электронды мекенжайға 2022 жылғы 15 маусымнан 1 қазанға дейін жіберу қажет: aiboz@kitap-palatasy.kz

Әдеби сыйлық жыл соңында беріледі (толығырақ www.kitap-palatasy.kz сайтында жазылған).

Жеңімпаздардың еңбектері 500 данамен жарық көреді.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ақпараты бойынша