
Қарағандының NIS түлегі Мағжан Тегісов бірнеше америкалық жоғары оқу орындарынан тегін оқуға шақыру алды. Жас жігіт өз өмірін IT-мен байланыстыруды жоспарлап отыр.

Мағжан Тегісов Назарбаев Зияткерлік мектебін биыл бітірген. Ол ғарыш әлемін, робототехниканы және стартап-жобаларды жақсы көреді. Жас жігіт – түрлі республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері, барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 500-ден астам оқушысын біріктіретін NIS Valley клубының негізін қалаушы.

– Клуб кәсіпкерлікке, стартап-жобаларға қызығушылық танытқан оқушылардың басын біріктіретін алаңға айналды. Олар сарапшылардан кеңес алып, тәжірибе жинақтап, көшбасшылық қасиеттерді дамыта алады, –дейді Мағжан. – Оқу жылдарындағы барлық жетістіктерімнің арқасында мен бірнеше американдық университеттерден шақырту алдым. Бірақ Colby College таңдадым. Бұл АҚШ-тың ең үздік ЖОО-ның бірі. Сонымен қатар, ол маған Президенттік стипендия бөлді.
Болашақта Мағжан Қазақстанда Google, Apple, Amazon сияқты IT-компания құруды армандайды.

– Жақында Colby College-де жасанды зердені зерттеу бойынша ғылыми орталық ашылды, – дейді жас жігіт. – Мен жасанды интеллект пен машиналық оқытуға назар аударғым келеді. Университет зерттеу үшін барлық мүмкіндіктерді ұсынады. Ал Президенттік стипендия маған бірінші курста белгілі компанияларда өз мамандығым бойынша тағылымдамадан өтуге, сондай-ақ өз стартапымды немесе бизнесімді іске қосуға, зерттеулерге қаржы тартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ол қазірдің өзінде бизнеспен айналысуда. Ол Barys Wear брендімен киім желісін іске қосты, сонымен қатар логотиптері бар ірі компанияларға трикотаж бұйымдарын жеткізді.

– Барлық ойлағаныма қол жеткізуге, түрлі қалалардағы ғылыми байқауларға қатысуға, мені қызықтыратын саланы табуға, сондай-ақ Стэнфорд университетінің жазғы мектебіне қатысуға мүмкіндік берген мектебіме алғысымды білдіргім келеді, – деп қосты Мағжан. – Оқушыларға айтқым келетіні: өзіңізді шынымен қызықтыратын қызмет саласын іздеңіздер.