
Шет ауданының оқушысы республикалық «Балдәурен білгірі – 2022» зерттеу жұмыстары мен әлеуметтік жобалар байқауында бірінші болды. 13 жасар Ерхан Бораш «Арқада бар бір ақын Дәулет» атты еңбегін қорғады.

Онда ол ақын, сатирик және музыкант Дәулет Ырысбайұлының еңбектері туралы айтып берді. Жоба қорғауды жас зерттеуші автордың «Қарағанды вальсі» композициясын орындаумен бастады.

– Мен байқауға екі апта бойы дайындалдым. Жоба мен оқып жатқан Ж. Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның тәлімгер-педагогтарымен келісілді. Ерекше толқу болған жоқ, өйткені мен осы секілді байқауларға осыған дейін де қатысқан болатынмын, – деп бөлісті Ерхан. – Байқау әділ өтті.

Оқушы өз жобасымен әрі қарай жұмыс істеп, Дәулет Ырысбайұлының шығармашылығын зерттеуді көздеп отыр.
Байқау Конаев қаласында «Балдәурен – Қапшағай» оқу-сауықтыру орталығы базасында өтті.