Қарағанды облысының әкімімен кездесуде Шахтинск тұрғындары қандай мәселелер көтерді

Қарағанды облысының әкімімен кездесуде Шахтинск тұрғындары қандай мәселелер көтерді

ТКШ, жолдар, тұрғын үй, абаттандыру – осы сұрақтардың барлығын Шахтинск қаласының және Долинка, Новодолинский, Шахан кенттерінің тұрғындары Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесуде "еркін микрофон" форматында қоя алды.

Олардың көпшілігі бірден жауап алды, қалғандары қарауға алынды.

Новодолинский кентінің ардагерлер кеңесінің төрағасы су құбыры желілері мәселесін көтерді. Құбырлар әбден тозған, апаттар да жиі болады. Шахтинск қаласының әкімі Әскербек Халтонов новодолинскіліктерге су құбыры мәселесі шешілетінін айтып, сендірді. Қазірдің өзінде кәріз және тазарту құрылыстарына ЖСҚ әзірленуде. Жеңіс Қасымбек келесі жылы жобаны жүзеге асыруға ақша алу үшін, бұл процессті жеделдетуді тапсырды.

Шахтинск қаласының Амангелді, Гвардейская, Донской көшелерінің тұрғындары жолдардың жоқтығына шағымданды. Әскербек Халтонов қазір су құбыры желілерінің екінші кезегін қайта жаңарту жүріп жатқанын түсіндірді. 44 км жөнделеді, ол аяқталғаннан кейін жолдар тиісті қалыпқа келтіріледі.

Сондай-ақ, биыл Абай Құнанбаев даңғылына орташа жөндеу жұмыстары басталды. Бұл Шахтинск қаласының орталығы. Барлық жұмыстарды 2023 жылы аяқтау жоспарлануда.

– Жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қазақстан және Станционная көшелерінің автожолдарын орташа жөндеу басталды. Жеңістің 40 жылдығына арналған жолдың екінші желісі аяқталады, – деді Әскербек Халтонов. – Облыстық трассадан қаланың автовокзалына дейінгі кіреберіс жол учаскесіне жарықтандыруды ауыстыра отырып, қосымша орташа жөндеу жүргізіледі.

Коммуналдық қызметтерге қатысты көптеген шағымдар түсті. Желілерді жөндеген соң шұңқырлар мен үйінділер қалатыны айтылды. Жеңіс Қасымбек коммуналдық қызметкерлерді өз жұмысына жауапкершілікпен қарауға және барлық кемшіліктерді жоюға шақырды.

Жергілікті колледж оқытушысы тұрғын үйді қашан ала алатынын сұрады. Келіншек 11 жыл кезекте тұрған. Бүгінде Қазақстанда бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтары тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бюджеттік сала қызметкерлері тек несиелік тұрғын үйге үміткер бола алады.

– Қалада шахтерлерге арналған ипотека іске қосылды, – деді Жеңіс Қасымбек. – Жыл басынан бері шамамен 70 пәтер берілді. Шахтерлер күніне орай тек Шахтинск бойынша 25-30 пәтер береміз. "Отбасы банкімен" мұғалімдер мен дәрігерлер бойынша мәселені пысықтайтын боламыз. Абайда біз несиелік тұрғын үй салуды бастадық, оны Шахтинск қаласында да іске асыру керек.

Әскербек Халтонов 60 пәтерлі жаңа несиелік үйдің іргетасы қаланғанын хабарлады. Оны келесі жылы тапсыру жоспарда бар. Сондай-ақ, Шахан кентінде құрылысы аяқталмаған үш көп пәтерлі тұрғын үйді қайта жаңарту үшін ЖСҚ әзірленуде.

Осы жылы Шахтинск қаласында үлкен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталады.

Облыс әкімі құрылыс алаңында болды.

Мұнда төрт жолақтық бассейн, волейбол, футбол және баскетбол ойнауға арналған әмбебап зал, палуандар мен боксшыларға арналған бөлек залдар, үстел теннисі мен спорт залы бар. Абаттандыру, бассейнді қаптау және жабдықтарды орнату бойынша жұмыстар қалды.

Әкім Шахтерлер күніне орай нысанды толығымен аяқтауды тапсырды. Содан кейін қалалық саябақты абаттандыру және қалпына келтіру жұмыстары аяқталуы керек.

Кездесуден кейін Жеңіс Қасымбек азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.