
Бұқар Жырау ауданының Ботақара кентінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының ғимаратында пандемия кезінде қайтыс болған санитарлық дәрігер Бақберген Айжігітовты еске алуға арналған мемориалдық тақта орнатылды.

– Менің ағам жанашыр және ақкөңіл адам болатын. Біз жерлестерімізге оны еске алғаны үшін алғысымызды білдіреміз, – деді Марат Алдабергенов мемориалдық тақтаны ашу кезінде.

Марқұм дәрігерді оның әріптестері де жылулықпен еске алады.
– Біз онымен бірге 30 жылға жуық жұмыс жасадық, – дейді Гүлбарам Отыншина. – Пандемия басталған кезде ол Нұр-Сұлтандағы блокпосттарға жұмыс істеуге кетті. Осыдан кейін ол күрделі эпидучасткелерде болды. Біз тіпті оның ерте кетіп қалатынын елестете алмадық. Қазір оның ісін баласы жалғастыруда. Ол бізбен бірге жұмыс істейді.

Бақберген Айжігітов 2020 жылдың жазында қайтыс болды. Ол 30 жылдан астам санитарлық-эпидемиологиялық қызметте жұмыс істеді. Бұқар жырау аудандық санқызмет басқармасының бас маманы болды.

Коронавирустық инфекция пандемиясының өршуі кезінде ол өзінің қызметтік міндетін орындай отырып, дерттің нағыз өршіген аумағында жұмыс істеді. Мобильді топтардың жұмысына, рейдтерге қатысты, блокпосттарда кезекшілік етті.

2020 жылғы шілдеде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бақберген Айжігітовты қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, халықтың денсаулығын сақтау жөніндегі қажырлы еңбегі үшін қайтыс болғаннан кейін «Парасат» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ, ол қайтыс болғаннан кейін «Халық алғысы» медалімен марапатталған.