
Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі және онкологиялық аурулары бар балаларға арналған паллиативтік орталық ашылды. Пациенттер мен олардың ата-аналарына медициналық, әлеуметтік, психологиялық және заңгерлік көмек көрсетілетін болады.

Светлана Алтынбекова – жаңа орталықтың алғашқы келушілерінің бірі. Көпбалалы ана екі ерекше бала тәрбиелеп отыр. Оның ұлы Шыңғыс церебральды сал ауруымен ауырады. Әйел ұзақ жылдар бойы Қарағандыда дәл осындай орталықтың ашылуын күтіп жүргенін мойындайды.
– Мен қалада осындай орталық пайда болғанына қуаныштымын. Ерекше балалардың ата-аналарына проблемалармен жалғыз арпалысу қиын. Көбіне бізге моральдық қолдау қажет, – деді Светлана.

Орталықты құру Қазақстан паллиативтік көмек көрсету қауымдастығының бастамасымен және AMANAT партиясы депутаттарының қолдауымен жүзеге асырылды.

Ашылу күні кішкентай пациенттер үшін аниматорлардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Ал аналарға сыйлықтар, гүлдер ұсынылып, азық-түлік себеттері дайындалды.

– Паллиативті медициналық көмек көрсету – бұл өмірге қауіпті ауруларға байланысты проблемаларға тап болған пациенттер мен олардың отбасыларының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған тәсіл. Ерте диагностиканың, дұрыс бағалау мен емдеудің, сондай-ақ физикалық, психоәлеуметтік немесе рухани болсын, басқа да проблемаларды шешудің арқасында паллиативтік көмек азапты болдырмауға және жеңілдетуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Қазақстан балаларына паллиативтік көмек қауымдастығының директоры Әлия Қадырәлиева.
Орталық қызметкерлері өз қамқорлығындағы адамдарға сапалы көмек көрсете алуы үшін медициналық қызметкерлер мен ата-аналарға оқыту курстарын өткізуді көздеп отыр. Қазір арнайы пациенттер кіретін клиенттік база толтырылуда. Сонымен қатар, мобильді топ құру жоспарланған.
Айта кету керек, алғашқы паллиативтік орталық Алматы облысында ашылды және біраз уақыттан бері ерекше балаларды қабылдап келеді. Қарағандыда мұндай мекеме Әлиханов көшесі, 20 мекен-жайында орналасқан.