Қарағандыда республикалық референдум қалай өтуде

Қарағандыда республикалық референдум қалай өтуде

Қарағанды облысында аумақтық референдум комиссияларының мәліметтері бойынша 2022 жылғы 5 маусымдағы сағат 12:00-дегі жағдай бойынша бюллетеньдер тізімдерге енгізілген азаматтардың жалпы санының 51,6 %-ын алды. Дауыс беру 777 учаскеде өтуде. 

Учаскелерде дауыс беру процесін бақылайтын партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің байқаушылары кезекшілік етеді.

Қарағанды облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бақылаушысы Рымжан Әділбаева Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте орналасқан № 168 дауыс беру учаскесінде таңғы сағат алтыдан бастап жүр.

– Әзірге ешқандай заң бұзушылық анықталған жоқ. 12:00-де 700-ге жуық адам дауыс берді. Учаскеде барлық талаптар сақталған. Біздің міндетіміз – заңның сақталуын қадағалау, – деп атап өтті Рымжан Әділбаева.

Референдум учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жағдай жасалған.

Мүгедектігі бар адамдар үшін жеке кабиналар мен арнайы ноутбуктер бар.

Мүгедектер арбасына таңылған қарағандылық Найман Жансығорин Абай көшесіндегі лицейде № 4 учаскесінде дауыс берді.

– Мен әлеуметтік жауаптымын, сайлау кезінде әрқашан учаскеге келіп, дауыс беремін. Бүгін мен дауыс беру үшін референдумға қатысамын. Бұл Конституцияның қандай болатынын және әрі қарай қалай өмір сүретінімізді өзіміз шешетініміз маңызды, – деп атап өтті Найман Жансығорин. – Мүгедектігі бар адамдар үшін бәрі жақсы және ыңғайлы ұйымдастырылды.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі, Қарағанды медицина университетінің профессоры Вилен Молотов-Лучанский референдумды ұйымдастыру туралы өз пікірімен бөлісті.

Ол академик Е. А. Бөкетов атындағы № 52 ЖОББМ орналасқан № 13 учаскеде дауыс берді.

– Барлығы жақсы ұйымдастырылған. Ережеге сай, бәрі ашық өтіп жатыр. Бүгін мен референдумға ерекше толғаныспен келдім. Неғұрлым ересейген сайын, мемлекеттегі тұрақтылықтың құндылығын соғұрлым түсінеді екенсің, – дейді қоғам қайраткері. Егер мемлекет белгіленген мақсатқа сай қадам басса, онда адамдар отбасының болашағына сенімді болады, ал бұл өте маңызды. Референдумға қатыса отырып, біз өз болашағымызды өзіміз айқындаймыз.

80 жастағы қарағандылық Маруа Смағұлова қызымен бірге референдумда дауыс беру үшін Ахмет Байтұрсынов атындағы гимназиядағы № 10 учаскеге келді.

Зейнеткер елдің саяси оқиғаларын үнемі қадағалап отыратынын айтты.

– Референдум – бірінші кезекте халық үшін маңызды оқиға. Бұл мен үшін нағыз мереке. Сондықтан мен камзолмен келдім, өз таңдауымды жасадым, – деді Маруа Смағұлова. – Мен балаларымды да әрқашан дауыс беруге қатысуға шақырамын, себебі біздің болашағымыз осыған тікелей байланысты.

95 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Рассказимов үйде дауыс беруге ниет білдірді. Оған мамандар портативті урнамен келді. Учаскелік референдум комиссиясының мүшесі Рахымғазы Тәнікеновтың айтуынша, № 149 учаскеде үйден дауыс беру туралы 26 өтініш келіп түскен.

– Конституцияны өзгерту бойынша референдум өткізу туралы ақпаратты алдын ала зерделедім. Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен біз осы саяси оқиғаның маңыздылығын талқыладық, – дейді Николай Рассказимов.

АК-159/1 тергеу-қамаудағы азаматтар өздерінің конституциялық құқығын жүзеге асыра алды. Республикалық референдумда дауыс беруге 300-ден астам адам қатысты.

– Алдын ала тергеу-қамауға алынғандар ҚР Конституциясына енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен танысты, брошюралар таратылды, сондай-ақ алдағы референдум туралы мекеме аумағында хабар тарататын радиодан білді. Сайлау учаскесінде сайлау барысын қадағалайтын бақылаушылар қатысады, – деп атап өтті АК-159/1 мекемесі бастығының орынбасары Есімжан Байтасов.  

Қазақстан Республикасының Заңы бойынша сот шешімі бойынша кінәсі дәлелденбеген азаматтардың дауыс беру құқығы бар.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысында 777 референдум учаскесі жұмыс істейді. Тізімде тіркелген 880 мыңнан астам азамат өз таңдауын жасай алады.