Назипа Шанаи көп балалы отбасыларды қолдау бойынша Қарағанды облысының тәжірибесін зерттеді

Назипа Шанаи көп балалы отбасыларды қолдау бойынша Қарағанды облысының тәжірибесін зерттеді

Қарағанды облысына ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрағасы, ҚР премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі Назипа Шанаи бастаған делегация келді. Жұмыс сапарының мақсаты халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру шеңберінде көп балалы отбасыларды қолдау жөніндегі жұмыспен танысу болды.

Делегация құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек департаменті Ана мен бала басқармасының басшысы Гүлмира Жәкенқызы, ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі, "Қарашаңырақ" РҚБ басшысы Баян Ахатай кірді.

Қонақтар "Шаңырақ" көп балалы отбасыларды қолдау орталығының қызметімен танысты. Ол мемлекеттік органдармен, кәсіпкерлермен және қоғамдық қорлармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. Орталық жетекшісі Ләззат Қожахметова атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Көпбалалы отбасылар құқықтық, психологиялық, әлеуметтік, білім беру, тұрғын үй және басқа да мәселелер бойынша кеңес, ақпарат ала алады. Сондай-ақ, тігін және ұлттық қолөнер, аспаздық және басқа да бағыттар бойынша шеберлік сыныптары бар.

Бірінші маусымда орталық даму мүмкіндіктері шектеулі балаларға, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылардан шыққан балаларға арналған мереке ұйымдастырды. Барлығына сыйлықтар берілді. Орталықтың көмегімен екі көпбалалы отбасы баспаналы болды.

Облыс әкімдігінде қалалар мен аудандар әкімдері орынбасарларының, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерінің, ҚХА Аналар кеңесінің, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен селекторлық режимде кеңес өтті. Қатысушылар отбасыларды қолдау мәселелерін талқылады.

Назипа Шанаи облыста қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға өз ісін ашуға ықпал ететінін атап өтті. Бөлінген гранттардың көмегімен олар өз бетінше ақша тауып, балаларды қамтамасыз ете алады. Премьер-министр орынбасарының кеңесшісі мемлекеттік органдардың үкіметтік емес сектормен ынтымақтастығын оң бағалады, облыстық және республикалық деңгейлерде "Шаңырақ" көп балалы отбасыларды қолдау орталығының тәжірибесін жинақтауды ұсынды.

Қарағанды облысында 19 277 көп балалы отбасы бар. Өңірде отбасыларды қолдаудың бес орталығы жұмыс істейді. Биыл тағы алтауын ашу жоспарланып отыр.