Кедергісіз орта: "Қолғанат-Қарағанды" тігін цехында мүгедек адамдар еңбек етуде

Кедергісіз орта: "Қолғанат-Қарағанды" тігін цехында мүгедек адамдар еңбек етуде

"Қолғанат-Қарағанды" кәсіпорны мүмкіндігі шектеулі 27 қарағандылықты жұмыс орындарымен қамтамасыз етті.

Компанияның тігін цехында барлығы 50-ге жуық адам еңбек етеді. Олар арнайы киім, респираторлар және басқа да өнімдер шығарады.

Биыл "Қолғанат-Қарағанды" ЖШС өзінің жеті жылдығын атап өтуде. Осы уақыт ішінде компания өзін әлеуметтік бағытталған кәсіпорын ретінде көрсетті.

Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі, зейнеткерлік жас алдындағы адамдарға, жалғыз басты аналарға және халықтың әлеуметтік осал топтарының басқа да өкілдеріне жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі.

Қарағандылық Бақыт Омарованың өнім қаптамасында 28 жасар ұлы Рүстем жұмыс істейді. Әйел мүгедектігіне байланысты ұзақ уақыт бойы жұмысқа орналаса алмағанын мойындайды.

– Менің ұлым төртінші жыл ораушы болып жұмыс істейді. Ол өз орнын тапты. Ұжым өте жақсы, басшылық мейірімді. Бұрын мен қоғам тарапынан үнемі түсініспеушілікке тап болатынмын, – дейді Бақыт Омарова. – Мұнда бізге бәрі ұнайды. Компания өсіп, дамиды деп үміттенемін. Қарағандыда шынымен кедергісіз орта құрылғанын қалаймын.

Кәсіпорынның негізгі өнімі – жұмыс, спорт және балалар киімі, респираторлар. 

Бірақ тігін цехы қазіргі уақытта толық қуатында жұмыс істемейді. 60 машина болғанымен олардың жартысы ғана жүктеледі. Компания шикізатты жақын шет елдерден сатып алады.

– Біздің арнайы киімдеріміз өнеркәсіптік және металлургиялық кәсіпорындар арасында сұранысқа ие. Біздің тұрақты серіктестеріміз бар, –деп атап өтті "Қолғанат-Қарағанды" ЖШС директорының орынбасары Асхат Жұмағұлов. – Біз ынтымақтастыққа дайынбыз және ұсыныстарға ашықпыз. Өкінішке орай, бізде тапсырыстардың болмауына байланысты жұмыс кейде тоқтап қалады. Қызметкерлер бұған түсіністікпен қарайды. Егер тапсырыс көп болса, біз көп адамдарды, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыра алар едік.

Фото Александр Марченко