Қарағанды автопарктері 100 жаңа автобус сатып алады

Қарағанды автопарктері 100 жаңа автобус сатып алады

Қарағанды автопарктері жолаушылар тасымалы сапасын жақсарту үшін биыл 100 жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, қалада 12 жаңартылған климаттық аялдама орнатылуы тиіс.

Сонымен қатар, бұрын жабылған үш бағытты іске қосып, тағы үш бағытты өзгерту жоспарланған.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мәлімдеді.

Қалада абаттандыру жұмыстары жалғасуда.

– Қалада Майқұдықтағы саябақты абаттандыру жұмыстары басталып кетті. Сарыарқа көшесіндегі гүлзарды абаттандыру бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Менің ойымша, бұл нысандар қала тұрғындарының сүйікті орнына айналады, – дейді Ермағанбет Бөлекпаев. – КМС мен ОӘД алдында жерасты өткелдерін жөндеу басталды.

Биыл Қарағандыда 26 аула абаттандырылып, 11 жаңа футбол алаңы мен 62 ойын алаңы салынады.

Сондай-ақ, төрт мың жарықдиодты шамдар ауыстырылып, 465 жарықтандыру тіректері орнатылады. 16 мың шаршы метр кварталішілік өтпе жолдар жөнделеді, Н. Әбдіров даңғылындағы жаяу жүргіншілер тротуарлары жайластырылады.

Биыл жетінші магистральдағы екі автожолдың және К. Маркс пен Магнитогорская көшелерінің күрделі жөндеуі аяқталады.

Жолдарды орташа жөндеу ұзақтығы 45 шақырым болатын 32 учаскеде жоспарланған. Ағымдағы жылы 66 мың шаршы метр жол төсемі қамтылады. Автожолдардың 23 учаскесінде кепілдік міндеттемелері бойынша қалпына келтіру жұмыстары басталды.

Сонымен қатар, көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша ірі жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру бойынша рәсімдік жұмыс жүргізілуде. Бұл, ең алдымен, үлкен Михайловка темір жолы арқылы жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы, Бөкетов көшесіндегі автожол құрылысын жалғастыру және Космонавттар, Четская, Пичугин үш жолын қайта құру.