
Осы жазда Қарағанды облысында 184 мың баланы сауықтыру және бос уақыттарын пайдалы ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мыңға көп. Бұл ретте 10 мыңнан астам бала қала сыртындағы лагерьлерге жолдама алады.
Өңірде барлығы 11 қала сыртындағы лагерь бар. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларды бюджет қаражаты есебінен жолдамалармен қамтамасыз етеді.

Тағы 1300 жолдаманы демеушілер, оның ішінде «Балаларға жолдама сыйла!» челленджі аясында сыйға тартты. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында мәлімдеді.
– «АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» ірі кәсіпорындарының есебінен жұмыскерлердің үш мыңға жуық баласы демалады. 100 мыңнан астам адам тамақтанатын мектеп жанындағы лагерьлермен және бейіндік алаңдармен қамтылады, – деді Жеңіс Қасымбек.
Өңірде әлеуметтік осал отбасылардан шыққан, сондай-ақ профилактикалық есепте тұрған балаларға ерекше көңіл бөлінеді.
– Жаз бойы көп балалы және халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары үшін Нұр-Сұлтан мен киелі жерлерге экскурсиялар ұйымдастырылады, – деп толықтырды Жеңіс Қасымбек. – Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында осы айдан бастап «Туристік-өлкетану жұмысын ұйымдастыру» жобасын іске асыру басталады. Жоба бойынша балалар туризмін дамыту жөніндегі тірек орталықтары ашылады, оқу сапарлары мен жас туристердің слеті ұйымдастырылады.