Бақты ауылының 60 жылдығын тұрғындары игі істерімен атап өтті

Бақты ауылының 60 жылдығын тұрғындары игі істерімен атап өтті

Қарқаралы ауданы Бақты ауылының тұрғындары туған ауылының 60 жылдығын атап өтті. Мерейтойлық датаға қарай олар жолдарды жөндеп, елді мекенді және оның манайындағы қорымдарды қоқыстан тазартты, кіреберіс аркасын орнатты.

Мерейтойға дайындыққа еңбектеген сәбиден, еңкейген қарияға дейін барлығы қатысты. Олар ұлттық спорт түрлерінен жарыстар мен бәйге ұйымдастыруға көмектесті, тіпті баяғыда Бақтыдан кеткендер де тасада қалмады.

– Біздің туған Бақтымыз биыл 60 жасқа толды. Бір кездері бұл үлкен, гүлденген және әлеуетті совхоз болған. Қазір бізде мыңнан астам тұрғын қалды. Бірақ, соған қарамастан, біз және бұрындары көшіп кеткен жерлестеріміз өз ауылымызды шынайы жақсы көреміз, – дейді Бақты тұрғыны Болат Асан. – Жыл сайын 25 мамырда мұнда ат жарыстары өткізіледі. Биыл біз дәстүрді өзгертпейміз деп шештік, бірақ мерейтойға орай ұлттық спорт түрлерінен жарыс өткіздік.

Спартакиадаға 150-ге жуық адам қатысты – жергілікті әуесқой спортшылар да, көрші аудандардың тұрғындары да. Олар арқан тартудан, қошқар, серкекөтеруден, жүгіруден жарысып, эстафетаға қатысты.

– Сондай-ақ, біз 4, 9 және 21 шақырым қашықтыққа тай жарыс, құнан және аламан бәйге өткіздік. Аламан бәйгеде Осакаров ауданынан келген шабандоз бірінші болып жеті айналымды бағындырды. Ол мотоцикл ұтып, медаль алды, алғыс хатпен марапатталды, – дейді Болат Асан. – Мереке сәтті өтті және жылдар бойы есте қалады. Бұл мерекенің халықты біріктіргені өте жақсы. Біз тек мерейтой тойлап қана қоймай, ауылымызды ретке келтіре алдық. Жолдарды қиыршық таспен тегістеп, ата-бабаларымыздың қабірлері, қараусыз қалған үйлер қоқыстан тазартылды.

25 мамыр тұрғындардың шешімімен Бақты ауылының күні деп танылды. Осы күнге арнайы ауыл тұрғындарының бастамасымен "Бақ мекенім – Бақты" әні дайындалды. Оның сөздерін атақты ақын Мирас Асан жазған. Әуенін жазу және әнді аранжировкалауға демеушілік еткен қазір АҚШ-та тұратын бақты тумасы Нұрлан Сарбасов болды.