"Балаларға жолдама сыйла!" челленджін Қарағанды облысының кәсіпкерлері қолдады

"Балаларға жолдама сыйла!" челленджін Қарағанды облысының кәсіпкерлері қолдады

Қарағанды облысында жазда сауықтыру лагерлерінде 10 мыңнан астам бала демала алады. Өңір кәсіпкерлері қайырымдылық акциясына қолдау көрсетті.

Балалар жылында оқушылардың жазғы бос уақыты қалай ұйымдастырылғаны жайлы аппараттық кеңесте айтылды.

– Қала сыртындағы 11 лагерьде 10 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдерді сауықтырумен қамту жоспарлануда. Әлеуметтік осал санаттағы балалар басым тәртіппен жолдамалармен қамтамасыз етіледі, – деді Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова. – Балалар жылы аясында кәсіпкерлердің бірі "Балаларға жолдама сыйла!" челленджін іске қосты. Оның есебінен 20 оқушы Ақмола облысындағы "Эдельвейс" лагерінде демалады. Бастаманы басқа кәсіпкерлер қолдады. Теміртауда балаларға 10 жолдама, Қаражалда – 123 жолдама берілді.

Бірінші маусымда 389 мектеп жанындағы лагерь ашылады, онда отандық анимациялық фильмдерді тегін көрсететін ауқымды ойын-сауық бағдарламасы қарастырылған.

Ақтоғай ауданындағы Бектау-Ата киелі орнында орналасқан қала сыртындағы "Факел" лагерінде маусым айында жас туристер мен өлкетанушылар, дебатшылар слеті өтеді.

Облыс орталығында "Баршаға арналған өнер" ауқымды жобасы жұмыс істейді. Балалар мен жасөспірімдер мұражайларға, театрларға, концерт және көрме залдарына тегін барады. Бұл олардың мәдениеттегі білімін кеңейтеді.

– Облыста мемлекеттік органдар қоғамдық ұйымдармен бірлесіп Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Ол жеті бөлімнен тұрады, 105 іс-шараны қамтиды, – деп атап өтті Гүлсім Қожахметова.