Қарағанды облысында туристер ағынының 2,5 есеге ұлғаюы күтілуде

Қарағанды облысында туристер ағынының 2,5 есеге ұлғаюы күтілуде

Пандемиядан кейін Қарағанды облысында туризмді дамыту мәселесі аппараттық кеңесте талқыланды.

– 2021 жылдың қорытындысы бойынша сырттан келетін туристер саны 9,5 мың адамды құрады. 2022 жылы карантиндік шектеулерді алып тастауға байланысты ағын 2,5 есеге – 23,8 мың адам деңгейінде артады деп күтілуде, – деп хабарлады кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.

Балқаш көлінде инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Бертіс шығанағы аймағында электр беру, сумен жабдықтау және су бұру желілері іске қосылады. Осыдан кейін инвесторларға туристік нысандарға жаңа жер телімдері ұсынылады.

Бұдан басқа, Тораңғалық және Шұбар-Түбек кенттеріне инженерлік коммуникациялар жүргізу үшін ЖСҚ әзірленуде. 

Өткен жылдың желтоқсан айында Үкімет қаулысымен "Ұлытау" ұлттық табиғи паркі құрылды. Бүгінде онда киелі жерлер бойынша 10 туристік маршрут жұмыс істейді.

Қарқаралы ұлттық табиғи паркінде туристер үшін 11 маршрут ұсынылды. Қарқаралыда тек демалушыларды орналастырумен ғана 35 тур объектілері айналысады.

Басқарма басшысы саланы мемлекеттік қолдау шаралары туралы еске салды. Туризм және жол бойындағы сервис объектілерін салу мен реконструкциялауды, экскурсиялар үшін автокөлік сатып алуды субсидиялау көзделген. Өңірде қазір әлеуетті жобалар пулы қалыптасуда.

– Жалпы алғанда, қабылданып жатқан шаралардың бүкіл кешені бізге 2025 жылға қарай туризм саласын жаңа деңгейге шығаруға, 50 млрд теңге инвестиция салуға, жылына 1,8 млн адамға дейін туристік ағымға және 15 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Татьяна Аблаева.