Қарқаралы ауданында Ахмет Байтұрсынов сабақ берген мектеп жөнделіп жатыр

Қарқаралы ауданында Ахмет Байтұрсынов сабақ берген мектеп жөнделіп жатыр

Қарқаралы ауданының Ақтерек ауылында Ахмет Байтұрсынов сабақ берген мектеп жөнделуде. Сондай-ақ әдебиетшінің оқу сыныбы жабдықталады.

Бір қабатты ағаш ғимарат қашан салынғанын ешкім дәл айта алмайды. Аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлері мұндай деректерді не облыс, не Алматы мұрағаттарынан таба алмады. Мамандар ғимарат XIX ғасырдың соңында салынған деп болжайды. Сол жерде Ахмет Байтұрсыновтың сабақ бергені туралы ғалым Ақжан Машановтың еңбектерінде жазылған және ғимараттың мандайшасынлағы ескі тақтайша куәландырады. Жазбаларға сәйкес, ағартушы бұл мектепте 1904 жылдан 1909 жылға дейін жұмыс істеген.

– Ғимарат өте ескі. Бір кездері мектеп болған, ал 90-шы жылдары байланыс бөлімшесі мен тау-кен байыту комбинатының шаруашылық кеңсесі орналасқан, – дейді Қарқаралы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Дана Әлиева. – Содан кейін біраз уақыт ол бос қалып, ескірді.

Ауылдың қариялары ғимаратты толығымен қирап қалудан құтқарған. 2007 жылы "Жібек жолы" бағдарламасының арқасында ол қалпына келтіріліп, дуалмен қоршалды. Жөндеу жұмыстары 2008 жылы жалғасты, содан кейін ғимараттың бір бөлігі кітапханаға берілді, ал екіншісінде шағын орталық ашылды.

– Қазір ғимарат мемлекеттің қорғауында. Ағымдағы жөндеуге қаражат бөлінді. Біз нысанның алғашқы күйін сақтап, балаларға қолайлы жағдай жасауға барынша тырысамыз, – дейді Дана Әлиева. – Ғалымның сыныбында оның туған-туыстарына жазған хаттары сақталатын болады. Суретшілер Ахмет Байтұрсыновтың 3D-портретін салады. Кіре берісте заманауи тақтайшалар орнатылып, кітапханадағы кітап сөрелері жаңартылады.

Бесінші қыркүйекте лингвист-ғалым, әдебиеттанушы, түркітанушы, ақын, аудармашы және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толады. Бұл күні жаңартылған ғимараттың ашылуы да жоспарланып отыр. Мерейтой күніне орай конференциялар мен түрлі танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.