«Рухани қазына – 2022»: Қарағанды облысының өкілдері арасында төрт бірінші орын

«Рухани қазына – 2022»: Қарағанды облысының өкілдері арасында төрт бірінші орын

Түркістанда жыл сайынғы мәдениет және өнер қызметкерлері мен ұйымдарының «Рухани қазына – 2022» фестивалінің қорытындысы шығарылды. Жеңімпаздар қатарында Қарағанды облысының төрт өкілі бар. Олар Кеншілер мәдениет сарайында журналистермен өткен кездесуде байқауға қатысулары туралы айтты.

«Рухани қазына» фестивалі 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Бірнеше жылдан бері Қарағанды облысы көш басында.

Биылғы жылы байқауға кітапхана саласы бойынша – 125, мәдени-сауық саласы бойынша – 87, мұражай саласы бойынша – 73 өтініш түскен. Еліміздің 17 өңірінен жобалар келіп түсті. 44 жеңімпаз таңдалып, оларға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табыс етілді.

«Облыстық (қалалық) маңызы бар үздік музей қызметкері» номинациясында Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің қызметкері Ерғазы Исатаев жеңімпаз атанды.

– Байқау өте қызықты болды, – дейді Ерғазы Исатаев. – Мен өз жобамды реставратор ретінде қорғадым. Менің туындыларым біздің мұражайда ғана емес, Қарағанды облыстық және бейнелеу өнері мұражайында да бар. Тағы бірқатары «Ұлытау» сапар-орталығын безендіруде. Қазір алты оқушыға заттарды қалпына келтіру бойынша дәріс беріп жатырмын.

Теміртау тарихи-өлкетану музейінің суретші-безендірушісі Хайниса Мұстафина «Үздік экспозиционер» номинациясы бойынша барлық бәсекелестерден озып шықты. Қазылар алқасы суретшінің жобасынан шабыттанғаны сонша, оны келесі жылы фестиваль кезінде шеберлік сабағын өткізуге шақырды.

 

– Мұражайда жұмыс істеген уақытымда 250-ге жуық экспозицияны безендірдім. Бұл ерекше жұмыс, дейді Хайниса Мұстафина. – Фестивальге алғаш рет қатыстым. Маған бәрі өте ұнады. Көптеген қызықты жобалар, шеберлік сабақтары өтті. Әріптестерімен тәжірибе алмастық.

Сондай-ақ фестивальге алғаш рет Ұлытау ауданының «Қаракеңгір» клубы қатысты. Және бірден «Үздік ауылдық мәдениет үйі (клуб)» номинациясының жеңімпазы атанды.

2021 жылы «Облыстағы ең үздік мәдениет үйі» байқауының бас жүлдесін жеңіп алып, биылғы жылы республикалық фестивальге қатысуды ұйғардық, – дейді Ұлытау ауданының мәдени-сауық орталығының жетекшісі Гүлжан Көпеева. – Біздің номинацияға 10 мәдениет үйі қатысты. 600 тұрғыны бар ауылда халық театрының болуымен қазылар алқасын таң қалдыра алдық. Біздің тағы бір ерекшелігіміз, театр қызметкерлерінің барлығы өнер адамдары: меңгерушіден бастап клубтың күзетшісіне дейін. Халық театры 1985 жылы үлгілі «Балауса» бригадасы негізінде құрылған. Ол 90-жылдары жабылды. 2013 жылы қайта ашылды. Қазір мұнда 30 адам жұмыс істейді. Репертуарында 10-ға жуық спектакль бар. Біз бұл фестивальге жыл сайын қатысамыз деп шештік.

Осымен үшінші рет қатарынан Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасы фестивальде үздік деп танылды.

– Бұл жолы біз «Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған үздік кітапхана» номинациясы бойынша жеңімпаз атандық, – дейді кітапхана жетекшісі Айнұр Шаймұханбетова. – Бұған дейін біздің қызметкер «Арнайы кітапхананың үздік қызметкері» атағын алса, кейін біз «Үздік инклюзивті жоба» номинациясында бірінші болдық. Бізде екі қызықты жоба бар – бұл «Баршаға арналған мұражай» және «Қазақстанның киелі нысандары». Оларға өзге өңірлердегі әріптестер тарапынан үлкен қызығушылықты көріп отырмыз. Жақында Тараз қаласында да осындай жобалар қолға алынғанын білдік.