
Ұлытау ауданының Қарсақпай кентінде ауданы 10 гектар саябақ ретке келтірілді. Мұнда жарық орнатылды, қырлы тас төселді, қоршаулар жасалды.

– Бұл саябақ үлкен және ол жөндеуді қажет етті. Біз бұл мәселені сессияда көтеріп, оның шешілуіне қол жеткіздік. Саябақ ретке келтірілді. Нәтижесін көріп отырмыз, – дейді Ұлытау аудандық мәслихатының депутаты Мұрат Маткенов.

Саябақты қалпына келтіруге аудандық бюджеттен қаражат бөлінді.

Аумақ металл дуалмен қоршалды, жарықтандыру орнатылды, қырлы тас төселді, суару жүйесі жаңартылды, ескі су құбырлары пластик құбырларға ауыстырылды, орындықтар мен шағын сәулет нысандары ретке келтірілді.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша саябаққа күрделі жөндеу жүргізілді. Мердігер 3 жылдық кепілдік береді. Егер қандай да бір ақаулар анықталса, жауапты компания оларды жояды, – деп атап өтті Қарсақпай кентінің әкімі Аян Абжамалов.

Енді саябақта спортпен шұғылдануға мүмкіндік бар, балалармен бірге серуендеуге болады.
– Саябағымыздың абаттандырылғанына қуаныштымын. Енді күндіз де, кешке де адамдар серуендейді, балалар ойнайды. Саябақ тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды. Мен өзім серуендеуге барамын және таза ауада спортпен айналысамын. Жаттықтырушы ретінде мұнда спортшылар үшін оқу-жаттығу жиындарын өткізуді жоспарлап отырмын, – деді жергілікті тұрғын Серік Мәшіров.

Әкімнің айтуынша, көктемгі сенбілік барысында саябақ аумағынан 100 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ, ескі талдарды жасыл желектермен алмастырды, терек бұтақтарын іктеді, қарағайларға күтім жасалды. Саябақта мыңнан астам ағаш бар, оларды мамандар күтіп, баптайды.