
Бұқар Жырау ауданының Ботақара кентінде ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс өтті.

Фестиваль бағдарламасына көкпар, аударыспақ, теңге алу және бәйге кірді.

Сондай-ақ, қатысушылар жамбы атудан өнер көрсетті.

Жарысқа Ботақара кентінің, сонымен қатар жақын маңдағы Үміткер, Көкпекті, Петровка, Ақбел, Керней, Тоғызқұдық және Белағаш ауылдық округтерінің командалары қатысты.

«Ұлттық ат спорты түрлері ауданымыздың жастары арасында күн сайын танымал болуда. Фестивальға 89 адам қатысты, – дейді жарыс ұйымдастырушылары.

– Көкпарға төрт команда қатысты. Үміткер ауылынан келген команда бірінші орынды, Жастілек ауылынан келген шабандоздар екінші және ботақаралықтар үшінші орынды жеңіп алды».

Аударыспақта 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Жастілек ауылынан келген Әлихан Ысқақов бірінші орын алды.

Екінші орынды Ботақара кентінен Батырхан Балташ иеленді.

Үшінші орын Үміткер ауылының тұрғыны Алдияр Бадауханға бұйырды.

70 келі салмақ дәрежесінде Сұлтан Смағұлов (Үміткер), Марғұлан Қалымтаев (Үміткер) және Әділ Жиренов (Ботақара) жеңіске жетті.

Теңге алу жүлдегерлері Төлеген Серғазиев (Керней), Айдархан Әбдірахманов (Ботақара) және Қазбек Қабдығаниев (Ботақара) болды.

3, 6 және 12 километр қашықтыққа бәйгеде Талғат Сарбасов (Ботақара), Боран Тергеубеков (Тоғызқұдық) және Марат Сабиев (Белағаш) үздік нәтиже көрсетті.


Жеңімпаздар Бұқар Жырау ауданының атынан ұлттық ат спорты түрлерінен облыстық турнирде бақ сынайды.


