Қарағанды тарихи-өлкетану мұжайындағы түн қалай өтті (фоторепортаж)

Қарағанды тарихи-өлкетану мұжайындағы түн қалай өтті (фоторепортаж)

"Мұражайдағы түн" акциясының танымалдылығы жыл сайын артып келеді. Халықаралық мұражайлар күніне орай тарих сақшылары бірегей бағдарламалар, квесттер, инсталляциялар дайындап, келушілерді түн ортасына дейін қабылдайды.

Пандемияға байланысты үзілісінен кейін акция дәстүрлі форматқа оралды. Адамдар мерекелерді сағынғаны бірден байқалады. Қарағанды тарихи-өлкетану мұражайына бұл кеште шамамен 400 адам жиналды. Көбісі отбасыларымен, дос-жарандарымен келді. Жастар қатары да көп болды.

Биыл өзінің 90 жылдығын атап өтетін мұражай қонақтарына көптеген тосынсыйлар дайындады.

Интерактив холлдан басталды – келушілер бірден Қарағандының ескі көшелеріне аяқ басты.

Бұл түні дәуірлер араласып кетті. Қазақстан тарихы жанданды. Қоянды жәрмеңкесінің батырлары, саудагерлері және 21 ғасыр жастары заманауи музыкаға қосылып, бірге би биледі.

Түрлі кезеңдердегі кейіпкерлердің театрландырылған қойылымдарында Тәттімбет атындағы Өнер колледжінің студенттері өнер көрсетті.

Көшпенділер патшайымы Томиристің рөлін Дариа Үкібай сомдады. Бойжеткен "Домбырамен ән салу" мамандығы бойынша колледждің үшінші курсында оқиды. Айтуынша, мұндай акцияға ол алғаш рет қатысып отыр. Өз кейіпкері жайлы тарих деректерін жақсы біледі, киносын да көрген.

Келушілер жәдігерлерді қолымен ұстап қана қоймай, олардың көмегімен өз бейнелерін жасауға мүмкіндік алды. Кеншілердің киімдерін ересектер де, балалар да киіп көрді.

Залдардың бірі шеберханаға айналды.

Мұнда өз атыңызды түрік руна жазбаларымен жазуға, баллон құтыдағы бояулармен сурет сала аласыз.

Бұл жолы экспонаттар шеруі үшін самаурындар және шай рәсіміне қажетті заттар таңдалды. 

Мұражай қорынан раритеттер ұсынылды.

Келушілер викториналар мен квесттерге белсенді қатысты.

Дұрыс жауаптар үшін оларға мұражай валютасы берілді.

Содан кейін тарих білгірлері арасында аукцион өтті.

Жүлделер кездейсоқ таңдау арқылы ойнатылды: қораптың ішінде қандай заттар болғанын ешкім білмеді. Купон иелері лот үшін өз бағасын ұсынды.

Екі жас отбасы тарихтың үздік білгірлері атанды.

Ернар Қадарбай әйелі Жания Жақыповамен бірге 76 купон жинады. Аукционда олар сақина шамын жеңіп алды.

Болашақ бастауыш сынып мұғалімі Жания жеңіске күйеуінің арқасында жеткенін мойындады. Ернар мемлекеттік қызметте жұмыс істейді, ал тарихты мектеп жасынан жақсы білетінін айтты.

– Жақсы білім бергені үшін ұстаздарыма рахмет айтамын! Мен Қарағандыдағы Көгілдір тоғандағы № 77 мектепті бітірдім. Қазір ол Бауыржан Момышұлының есімімен аталады. Кооператив университетінде жоғары экономикалық білім алдым, – деп бөлісті жүлде иегері.

Ерлі-зайыпты Бекмағамбетовтар 66 купон жинады. Оларға сыйлыққа флешка бұйырды.

– Әлеуметтік желілерде акция туралы білдік. Бірінші рет қатысып отырмыз. Жарыс өте қызықты және мазмұнды болды. Мектепте ӘШБ бойынша директордың орынбасарымын, әйелім – балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Сұрақтарға бірге жауап бердік. Үздіктер қатарына ілігеміз деп ойламадық. Әрине, өз халқыңның, еліңнің, туған өлкеңнің тарихын білу керек. Жинаған білімнің ішінде ең маңыздысы ойға оралады, – дейді Ерік Бекмағамбетов.