
Жазда Қарағанды облысында балаларға арналған 389 мектеп жанындағы лагерь және 319 бейіндік алаң жұмыс істейтін болады. Оған 105 мыңнан астам оқушы тартылады.
Биыл 188 971 оқушының жазғы демалысы мен бос уақыты ұйымдастырылады. 10 мыңнан астам бала қала сыртындағы он лагерьде сауықтырудан өте алады.
Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысында балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын ұйымдастыру талқыланды.
– "Жетім балалар", "Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар" санаттарынан 792 бала, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі 1341 бала, аз қамтылған отбасылардан шыққан 5201 оқушы сауықтыру және демалыспен қамтылады, – деп хабарлады Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова отырыста. – Жыл сайын балалар үйінің барлық тәрбиеленушілері мен девиантты мінез-құлықты балалар жазғы демалыспен және жұмыспен қамтылады. Республикалық оқу-сауықтыру орталықтарында 1484 бала дем ала алады. Демеушілік қаражат есебінен 1300 бала облыстың қала сыртындағы лагерьлеріне барады.
Щучинск қаласының "Эдельвейс" лагеріне Балалар жылы аясында өңірдің кәсіпкерлері отыз жолдама сыйлады.
Сондай-ақ жазғы кезеңде техникалық шығармашылық, робототехника және туристік-өлкетану бағыты бойынша қосымша білім беретін 52 ұйымның жұмысы жалғасады. "Қазақстан географиясының киелі орындары" жобасы бойынша өңірдің мәдени және тарихи нысандарына 4200 оқушы, оның ішінде ерекше білім алу қажеттілігі бар 42 бала барады деп жоспарланып отыр.

Бес мыңнан астам бала "Баршаға арналған өнер" қалалық жобасы бойынша облыстың мәдени нысандарында болып қайтты.
– 30 мамырда Ұлытау ауданында балаларға арналған жеке этнотуристік лагерь ашылады. Киіз үй лагері 660 баланы қамти отырып, 7 күндік 11 маусым жұмыс істейтін болады, – деп толықтырды Гүлсім Қожахметова. – Ақтоғай ауданының "Факел" қала сыртындағы лагерінің базасында үш облыстық слёт өткізіледі.
Жазғы сауықтыру маусымына дайындық барысында барлық тәлімгерлер мен педагогтар оқудан өтті.
Үшінші маусымда "Қауіпсіз жаз", "Қауіпсіз аттракцион", "Қауіпсіз лагерь", "Қауіпсіз алаң" профилактикалық акциялары басталады. Жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар ТЖ департаменті мен жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерін тарта отырып жүргізілетін болады.