
Химия пәнінен Халықаралық Менделеев олимпиадасында қазақстандық оқушылар сегіз медаль жеңіп алды. Оның ішінде үшеуі күміс және бесеуі қола. Жүлдегерлер қатарында қарағандылық он бірінші сынып оқушылары да бар.
Зияткерлік жарыстар 9–16 мамыр аралығында Ташкентте (Өзбекстан) офлайн өтті.
Қазақстан құрамасынан Қарағанды, Ақтау, Нұр-Сұлтан, Өскемен, Павлодар және Ақтөбе облыстарынан 10 және 11-сыныптардың 12 оқушысы қатысты. Олар ТМД, Балтық және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдерінен жиналған құрдастарымен білім сайысында бақ сынасты.
– Біздің Менделеев олимпиадасының жүлдегерлері Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарында түсу емтихандарын тапсырмай-ақ тегін оқуға мүмкіндік алады. Қазақстан құрамасының намысын ел ішіндегі зияткерлік сайыстардан өткен оқушылар қорғады. Ташкентке 2022 жылғы республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері аттанды. Олар сондай-ақ бірнеше оқу-жаттығу жиындарында барынша жоғары нәтиже көрсеткен олимпиадалық резервтің мүшелері болып табылады. Айтпақшы, биыл біз барлық деңгейдегі олимпиадаларды өткізу процесін автоматтандырдық, осылайша команда үздіктердің үздігі атанды, – деп атап өтті "Дарын" РҒПО директоры Тимур Нұркешев.

Қарағандылық екі оқушы медаль иегерлерінің қатарында болды. Мадияр Қасымалы екінші, Асанәлі Сәлем үшінші орынды иеленді. Олар Қарағанды қаласының №1 БИЛ 11-сыныбында оқиды.
– Химия пәнінен халықаралық жарысқа қатысушылар арасында біздің лицейдің үш оқушысы бар. Оның екеуі 11-сынып оқушысы және біреуі 10-сынып оқушысы. Мадияр Қасымалы күміс, ал Асанәлі Сәлем қола медальға ие болды. Мадиярды да, Асанәліні де мен олимпиадаларға жетінші сыныптан бастап дайындай бастадым. Олар облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадаларда жеңіске жетті. Бұл олардың Менделеев олимпиадасына екінші мәрте қатысуы. Өткен жылы да олар күміс пен қола жеңіп алды, – деді № 1 БИЛ химия пәнінің мұғалімі Абылай Саматов.
Халықаралық Менделеев олимпиадасы жыл сайын жүздеген талантты химиктердің басын біріктіреді.