
Шебер-фест, ретро көліктер көрмесі, квесттер, ұтыс ойындары – Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қала тұрғындары мен қонақтарын 18 мамырда "Мұражай түні" акциясына қатысуға шақырады. Іс-шара Халықаралық мұражайлар күніне және мұражайдың 90 жылдығына орайластырылған.
Бағдарламада көптеген қызықты шаралар болады. Мұражай қызметкерлері "Жанданған тарих" театрландырылған экскурсиясын өткізеді. Акцияға қатысушылар тарихи-тұрмыстық коллекция және ретромашиналар көрмесіндегі экспонаттармен таныса алады.
Зияткерлік ойын-сауық әуесқойлары үшін "Киелі Сарыарқа" өлкетану викторинасы мен "Тарихи лото" ұтыс ойыны жоспарланған. "Білімді аңшылар" және "Ғарыштық саяхат" квест-ойындары эрудиттерді жеңімпаз атану үшін барлық білімі мен логикасын қолдануға мәжбүр етеді.
"Түркі жазбалары" алаңында "Көшпелі өркениет мұрасы" халықаралық қоғамдық қоры маманының түркі жазуы бойынша шеберлік сабағы өтеді.
Шебер-фест аясында келушілер сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтарына қатысады.
Сол түні мұражай алдындағы алаңда "Мұражай кафесі" жұмыс істейді.
Науқанды өткізу уақыты 19:00-ден 24:00-ге дейін.