Тоғыз жасар қарағандылық ұлттық-дәстүрлі өнер республикалық байқауының бас жүлдесін жеңіп алды

Тоғыз жасар қарағандылық ұлттық-дәстүрлі өнер республикалық байқауының бас жүлдесін жеңіп алды

Қарағанды облысынан Қызылордада өткен V Республикалық "Інжу-Маржан" ұлттық-дәстүрлі өнер байқауында Мағжан мен Ұлжан Мыңбаевтар өнер көрсетті. Қарағанды қаласының Кеншілер мәдениет сарайының "Арқа әуені" дәстүрлі ән үйірмесінің екі қатысушысы да жеңімпаз атанды.

– "Арқа әуені" дәстүрлі ән үйірмесі биыл ашылды. Оны Қайрат Байбосыновтың шәкірті, белгілі әнші, Мәдениет саласының үздігі Қайрат Әбеуов басқарады. Міне, осы үйірменің екі қатысушысы Қызылордадағы республикалық байқауда өздерін өте жақсы көрсетті, – дейді КМС директоры Жарулла Ақышев. – Мағжан Мыңбаев бас жүлдені ұтса, Ұлжан Мыңбаева "Халық әні" номинациясы бойынша І орынды иеленді.

– Бұл мен қатысқан алғашқы республикалық байқау. Онда мен "Гүлдерайым" халық әнін орындадым. Сондай-ақ, менің репертуарымда "Туған ел", "Әселім жаным", "Тербелді тың дала", "Маржан қыз" және "Ләйлім" сияқты әндер бар. Қарсыластарым мықты болды, әсіресе БҚО және Қызылорда облысынан қатысушылар керемет өнер көрсетті. Ерте балалық шақтан бастап домбрамен және ән айтумен айналысамын, сондықтан ата-анам мені музыкалық мектепке берді. Танымал әнші болуды армандаймын. Мектепті бітіргеннен кейін Құрманғазы атындағы консерваторияға түскім келеді, – деп бөлісті 11 жасар Ұлжан.

Тоғыз жасар Мағжан үлкен әпкесіне еліктей отырып, домбырада ойнауды үйреніп, вокалмен айналысады.

– Домбыраға үшінші жыл барамын, ал дәстүрлі ән айтуға қаңтар айында келдім. Мен көптеген әндерді білемін. Байқауда "Сайра бұлбұл" әнін орындадым. Мен алаңдамай, барлығын дұрыс орындап шығуға тырыстым, – дейді Мағжан.

Байқауға Қазақстан өңірлерінің 80-нен астам өкілі қатысты.                       

– Менің тәрбиеленушілерімнің шығармашылық жарыстан жүлделі  орындар алғанына өте қуаныштымын. Бұл балалар ақпан айынан бастап айналысады. Олар өте талантты және барлығын тез қағып алады. Біз оларға ұнайтын әндерді дайындаймыз. Олардың әрқайсысының репертуарында бес дайын шығарма бар. Қазір менде 10-нан астам бала бар. Алда жоспарлар көп, басқа да байқауларға дайындаламыз, – деді "Арқа әуені" дәстүрлі ән үйірмесінің жетекшісі Қайрат Әбеуов.