Қарағанды облысының қала сыртындағы лагерьлерінде тоғыз мыңнан астам бала демала алады

Қарағанды облысының қала сыртындағы лагерьлерінде тоғыз мыңнан астам бала демала алады

Осы жазда Қарағанды облысында 188 971 оқушы демалыспен қамтылады  және бос уақыттарын пайдалы өткізу мүмкіндігіне ие болады. Олар үшін мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлер, үйірмелер мен секциялар, кітапханалар мен мұражайлар жұмыс істейтін болады.

Жазғы уақытта балалардың бос уақытын ұйымдастыру туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасындағы брифингте айтылды.

– Қала сыртындағы 11 лагерьде 9 мыңнан астам бала мен жасөспірімді сауықтырумен қамту жоспарлануда. Мектептер жанында 389 тамақпен қамтылған лагерь және 319 тамақтандыруы жоқ бейіндік алаңдар жұмыс істейтін болады, – дейді білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова. – Техникалық шығармашылық, робототехника және туристік-өлкетану бағыты бойынша қосымша білім беру ұйымдарының жұмысы жандандырылуда. Туристік сапарлар өткізу жоспарлануда. Ақтоғай ауданының "Факел" қала сыртындағы лагерінің базасында маусым айында үш облыстық слёт өткізіледі.

Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы жас оқырмандар үшін жазушылармен кездесулер ұйымдастырады. Қарағандының Кеншілер мәдениет сарайында "Еркетай" фестивалі өтеді. ҚР Тұңғыш Президентінің тарихи-мәдени орталығында (Теміртау қ.) "Күмбірлетші күйді сен, домбыра" атты байқау өтеді. Сондай-ақ, мектеп жанындағы лагерлердің тәрбиеленушілері үшін қайырымдылық негізде отандық анимациялық фильмдер көрсетілетін болады.

– 1 маусымнан бастап Қарқаралыдағы "Барс" сауықтыру кешені өз жұмысын бастайды. Оның аумағында волейбол, баскетбол және футболға арналған спорт алаңдары бар. Бір дегенде лагерь 120 адамды қабылдауға дайын. Жазғы маусымда "Барыста" барлығы 600–700 адам демала алады, – деп хабарлады дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев. – Сонымен қатар біздің баланста Чкалов су қоймасының жағасында орналасқан "Бригантина" спорттық-сауықтыру лагері бар. "Бригантинада" жыл сайын 500-ге жуық балалар мен жасөспірімдер белсенді демалады. Бұл облыстың қалалары мен аудандарының жалпы білім беретін және спорт мектептерінің оқушылары, аз қамтылған отбасылардың балалары.

Сонымен қатар, өңірдің спорт мектептері балалар мен жасөспірімдермен 50-ден астам спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Ауылдық жерлерде нұсқаушылардың жұмысы жандандырылады. "Жаз чемпиондармен бірге" жобасы аясында балалар үшін спорт мектебінің жаттықтырушыларымен бірге белгілі спортшылар шеберлік сабақтарын өткізеді. Суға шомылу маусымы кезінде су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мыңнан астам балаға жүзуді үйрету жоспарланып отыр.