Қарағандылық өрт сөндіруші "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды

Қарағандылық өрт сөндіруші "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды

"Ерлігі үшін" медалімен Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №10 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Қанат Ешмағанбетов марапатталды. Мемлекеттік марапатты Ақордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырды.

Қанат Ешмағанбетов азаматтық қорғау органдарында оныншы жыл қызмет етіп келеді. Еңбек жолын Өрт сөндіру бөлімінде жауынгер лауазымынан бастаған.

Ол осы жоғары марапатқа кәсібилігі мен батылдығы үшін ие болды. Азаматтық қорғау капитаны өткен жылдың қараша айында жанып жатқан пәтерден екі адамды құтқарды.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгенде кіреберіс қатты түтіндеп жатқан болатын. Пәтерге кірген Қанат ес-түссіз, ауыр халде жатқан ер мен әйелді тауып алды. Ол зардап шеккендерді таза ауаға шығарып, оларға жүрекке жанама массаж және жасанды тыныс алдырып, алғашқы көмек көрсетті. Келген жедел жәрдем зардап шеккендерді ауруханаға жатқызды. Дәрігерлер өрт сөндірушінің адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген сауатты әрекеттерін атап өтті.

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша