
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Жоғары әскери және арнайы атақтар, сыныптық шендер және біліктілік сыныптарын беру туралы" Жарлыққа қол қойды. Олардың арасында Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин де бар. Ол генерал-майор атағын алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградаларды, жоғары әскери және арнайы атақтарды, сыныптық шендерді тапсыру рәсіміне қатысты, деп хабарлады Ақорда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімге қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс мейрамымен құттықтап, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің үлесін ерекше атап өтті.
– Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы кезеңде әскеріміз айбынды армияға айналды. Қырағы жауынгерлеріміз ел шебін қас қақпай күзетіп тұр. Олар мемлекеттігімізді нығайтуға зор еңбек сіңіруде. Қарулы Күштеріміз – Тәуелсіздіктің мызғымас тұғыры, елдіктің берік қалқаны, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің "Жоғары әскери және арнайы атақтар, сыныптық шендер және біліктілік сыныптарын беру туралы" Жарлығымен сілтеме бойынша танысуға болады https://www.akorda.kz/kz/zhogary-askeri-zhane-arnauly-ataktar-synyptyk-shender-zhane-biliktilik-synyptaryn-beru-turaly-64135