
Қарағандылық веломарафоншы, ағылшын тілінің оқытушысы-аудармашы, журналист Ернат Мелсұлы тамақсыз және сусынсыз 109 шақырым жол жүріп өтті. Ол бұл қашықтықты 7 сағат 10 минутта еңсерді. Осылайша әуесқой велосипедші Қазақстан рекордын орнатты.
Нәтижені Қазақстанның рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов тіркеді. Жақын арада арнайы сертификат беріледі.
- Марафоншылар әдетте жеңіл және жылдам велосипед таңдайды, ал Ернат тауда жүретін ауыр велосипедке отырды. Әрине, рекорд мойындауға лайық, - деп атап өтті Қуандық Құдайбергенов.
Веломарафон Нұр-Сұлтан қаласының айналма жолымен өтті. Жарыс 11:47-де басталып, 19:28-де аяқталды. Велосипедші Хазірет Сұлтан мешітінің алдында мәреге жетті.

Ернаттың айтуынша, ол мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының соңғы 30-шы күніне арнайы веломарафон жоспарлаған. Жетістікті Қазақстан халқының бірлігі күніне де арнады.
- Велошеруден кейін өзімді жақсы сезінемін. Болашақта еліміз бен халқымызды дәріптеуге үлес қосу үшін әлем бойынша саяхаттағым келеді. Тамыз айының соңында Ахмет Байтұрсынов дүниеге келген Ақкөл ауылынан Еуропаға халықаралық веложарыс өткізуді жоспарлап отырмын. Бағытты Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтау, Әзірбайжанның астанасы Баку арқылы өткізіп, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері орналасқан Парижде аяқтағым келеді. Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығын, қазақ халқының мәдениетін, сондай-ақ Абайдың "Толық адам" идеясын түрлі қалалар мен елдерде көпшілікке таратқым келеді", - деді Ернат Мелсұлы.