ХҚКО-да қолхат беру тоқтатылады

ХҚКО-да қолхат беру тоқтатылады

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік қызметтердің көпшілігін қағазсыз қызметке ауыстырады. Ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарында сегіз қызмет бойынша қағаз қолхаттары алынып тасталды. Жақын арада барлық басқа қызметтер қолхатсыз қызмет көрсетуге көшеді.

Бұл туралы мемлекеттік корпорацияның баспасөз қызметі хабарлады.

- Мемлекеттік аппаратты жаппай цифрландыру және бюрократиясыздандыру барысында миллиондаған тонна қағазды технологиялар мен онлайн сервистерге ауыстыру қажет, мұны біз де жасап жатырмыз. Енді қазақстандықтарға дайын құжатқа қай ХҚКО-ға және қай уақытта жүгіну керектігі туралы sms-хабарлама келеді. ХҚКО операторына клиентке қолхаттың электрондық нұсқасын ұсынса болғаны, - деді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Сүйениш Әбділдин.

Қолхат берілмейтін қызметтер тізімі:

1. Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығының тіркеу куәлігін беру және кері қайтарып алу.

2. Қазақстан Республикасы халқының тұрғылықты жері бойынша тіркеу.

3. Қазақстан Республикасы халқының тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығару.

4. Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәліктер немесе анықтамалар беру.

5. Соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама беру.

6. Жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың телнұсқасын беру.

7. Жылжымайтын мүлік объектілерінің жоспарын (схемасын) қоса алғанда, тіркеу органы куәландырған тіркеу ісі құжаттарының көшірмелерін беру.

8. Жылжымайтын мүлік объектілерінің техникалық паспортының телнұсқасын беру.

Сонымен қатар, "Азаматтарға арналған үкімет" жылтыр қағаздан экологиялық таза, жартылай ағартылған целлюлозаға ауысады.