
Қарағандыда жыл басынан бері Жастар денсаулық орталығы іске қосылды. Студенттерге білікті мамандардың қызметтері қолжетімді бола бастады. Олар кез-келген ыңғайлы уақытта медициналық көмекке жүгіне алады. Төрт айдың ішінде мұнда 1 300 адам кәсіби тексеруден өтті.
- Біздің негізгі міндетіміз – жастардың денсаулығын, оның ішінде репродуктивті денсаулығын сақтау, жіті және созылмалы аурулардың, инфекциялардың алдын алу, емдеу және бақылау. Мұнда студенттер қажетсіз жүктіліктің алдын-алу, ықтимал асқынулар мен жүктілікті жасанды түрде тоқтатудың салдары, отбасын жоспарлау, контрацепцияның заманауи әдістері туралы құпия түрде кеңес ала алады. Біздің психологтар психологиялық диагностика, коррекциялық қолдау, консультативтік көмек көрсетеді, - деді "Студенттік емхана 1" жастар денсаулық орталығының бас дәрігері Назира Базарова.
Орталық Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің жатақханасында орналасқан. Қазір ол негізінен осы университеттің студенттеріне қызмет көрсетеді. Басқа оқу орындарының студенттері де емделе алады. Ол үшін медициналық мекемеге egov.kz азаматтарға арналған электрондық үкімет порталы немесе egov.mobile мобильдік қосымшасы арқылы тіркелу қажет.
Жастар денсаулық орталығында акушер-гинеколог, уролог-андролог, дерматовенеролог, психолог, психиатр, психотерапевт қабылдайды. Медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде тегін көрсетіледі.
- Орталық заманауи аппаратурамен жабдықталған. Біздің студенттер медициналық тексеруден сабақ арасында да өтеді деп айтуға болады. Бізде күндізгі стационар жұмыс істейді, онда оқуды үзбей емделуге болады, және де физиопроцедурадан өтуге мүмкіндік бар, - деп атап өтті Назира Базарова.
Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша