
Қарағандыда алты пікірталас алаңдарында 200-ге жуық педагог білім берудің өзекті мәселелерін талқылады.

Өңірлік география мұғалімдерінің форумына қатысушылар пән мазмұны, біліктілікті арттыру және педагогикалық жобаларды іске асыру мәселелерін көтерді.

– Форумда мұғалімдер өздерінің әдістемелік өнімдерін, тақырыптық макеттерін, облыстық "Зейін", "Geoinfo навигатор" және "Туған өлке сырлары" жобаларының тапсырмалар жинақтарын ұсынуға мүмкіндік алды, – деді Қаныш Сәтпаев атындағы гимназияның география пәнінің мұғалімі Луиза Ганеева.

– Форумда талқыланған өзекті мәселелердің бірі орта буын үшін де, аға буын үшін де география пәні бойынша оқу бағдарламасының мазмұнына қатысты болды. Сондай-ақ, оқулықтар мазмұнындағы кейбір проблемалық мәселелер талқыланды. Педагогтардың өздерін толғандырған сұрақтарын ашық айтуға мүмкіндігі болды. Мұндай кездесулер, форумдар өзекті деп санаймын. Олар білім беру сапасын жақсартуға ықпал ететін болады.

Пленарлық отырыстардың қорытындылары бойынша әрбір алаңның спикерлері форумның қорытынды резолюциясына енгізілген ұсынымдармен сөз сөйледі.

– Сәуір айының басында Түркістанда география пәні мұғалімдерінің республикалық съезі өтті. Онда пәнді оқытудың, оқыту мен кадрларды даярлаудың, сондай-ақ мұғалімдердің біліктілігін арттырудың өзекті мәселелері талқыланды, – деп атап өтті облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақыткүл Әбдікерова.

– Білім басқармасы ұйымдастырған облыстық географтар форумы аясында қатысушылар "География" пәнінің мазмұнын жетілдіру және оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту мәселелерін талқылады, біздің облыста жобаларды іске асырудың негізгі нәтижелерімен танысты.
