
Қарағандыда Костенко атындағы шахта 80 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындалуда. Осы оқиға қарсаңында олар өз кеншілерінің біріне құрмет көрсетті. Кәсіпорында бұрынғы директор, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Николай Гульницкийдің құрметіне мемориалдық тақта орнатылды.
– Біздің кәсіпорынның тарихында екі мерейтойлық күн тұспа-тұс келді. Сегізінші мамырда біздің шахтаға 80 жыл толады. Ал 22 мамыр-көмір өнеркәсібінің батыры Николай Гульницкийдің туғанына 100 жыл. Ол Костенко шахтасын 26 жыл басқарды. Ол басшылық еткен уақытта бұл кен орны Қарағанды көмір бассейнінің флагманы болды. Ұжым еңбегінің жоғары нәтижелері үшін Ленин орденімен марапатталды, – деді "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Николай Байзбаев мемориалдық тақтаның ашылу салтанатында.
Салтанатты іс-шараға кеншілердің ұрпақтары қатысты. Мемориалдық тақтаны ашу құқығы Гульницкийдің орнына директор болып келген Еңбек ардагері Григорий Презентке, ардагерлер ұйымының басшысы Николай Байзбаев пен кәсіподақ комитетінің төрағасы Владимир Коопқа берілді.
– Мен Николай Сергеевичпен 1967 жылдан бастап жұмыс істедім. Бұл алаңда екі шахта болды – Костенко атындағы және №86. Олар біріктірілгеннен кейін Гульницкий директор болды, – деп еске алады Владимир Кооп. – Оның еңбегі туралы көп айта беруге болады. Қысқаша айтқанда, бұл керемет инженер, талантты стратег, үлгі тұтар басшы.
Әріптестер директорды құрметпен әке деп атаған. Костенко шахтасы рекордтарымен танымал болған. Бассейнде бірінші болып ол әр лавадан күніне мың тонна көмір шығаруға қол жеткізді. Гульницкий жаңашыл болды, эксперименттерге барудан қорықпаған. Мысалы, шахтада "Жоғарғы Марианна" К12 қуатты қабатын екі қабатқа өндіру тәсілі енгізілді, бірінші болып радиобасқарылатын комбайн мен басқа да техниканы сынақтан өткізді.
Ол ғалымдарды метан жарылыстарының алдын-алу шешімдерін іздеуге белсенді түрде тартып отырған. Қабаттар мен тау жыныстарының массивін газсыздандырудың әртүрлі әдістері, соның ішінде жер бетінен тік ұңғымаларды бұрғылау арқылы сыналды.
Спорт кешені, жүзу бассейні, саңырауқұлақ өсіретін жерасты жылыжайы – осының бәрі Костенко шахтасында Гульницкийдің басшылығымен пайда болды.
Николай Гульницкий (1922–1994) Кировоград облысының Александрия қаласында дүниеге келген. 1941 жылы әскери-әуе күштерінің арнайы мектебін бітіріп, майданға жіберілді. Сталинград шайқасына қатысты.
Қарағандыға 1949 жылы Днепропетровск тау-кен институтын бітіргеннен кейін келді. Еңбек өмірінің жарты ғасырын Қарағанды көмір бассейніне арнады. Учаске бастығынан шахта басшысына дейінгі жолдан өтті.
Техника саласындағы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1972). 1979 жылы көмір өндірудегі үздік жетістіктері үшін Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды.