
Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының қызметкерлері «Кітап керуенін» ұйымдастырып, облыстың шалғай ауылдарын аралап саяхатқа аттанды. Алғашқы бағыт Осакаров ауданы, Ақбұлақ ауылы болды.

Ерекше керуенді жергілікті мектеп оқушылары қуанышпен қарсы алды. Олар кітаптармен қызығушылықпен танысып, кітапхана қызметкерлері өткізетін барлық шараларға қатысты.

«100-ден астам бала болды. Оларға арнап «Үздік бол – кітап оқы!», «Ұлттық ойыңдар – ұлт қазынасы» атты кітап көрмелерін ұйымдастырдық. Мектеп оқушылары «Киіз үй» этноконструкторын құрастырды. Олар химиялық эксперименттерге қатысып, заттарды микроскоппен мұқият зерттеді. Қазақ тілін, қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық ойындарын білуге арналған викториналық сұрақтар бойынша сайысқа түсті. Сондай-ақ «Еліміз туралы не білеміз» және «Сөздер бұлтында» турнирлерін өткіздік», – дейді кітапханадағылар.

Ең белсенді қатысушылар ізденімпаздығы мен тапқырлығы үшін сыйлықтармен марапатталды. Ал іс-шаралар өткізілген мектепке Абай кітапханасы кітаптар мен журналдар жинағын, сондай-ақ «Qasym» баспа үйі» баспасынан балалар жазушыларының қазақ тіліндегі кітаптарын сыйға тартты.

– Кітапхана керуенінің символы – кітаптар мен балалар, олар эстафетаны бір өңірден екінші өңірге береді. Одан әрі біздің кітап керуеніміз Ақтоғай, Шет аудандарының шалғай ауылдарына аттанады, – дейді кітапхана директоры Баян Уатаева.
