
Қазақстанда негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау басталды. Ол 14 мамырға дейін жалғасады. ҰБТ-ға қатысу үшін http://app.testcenter.kz сайтында тіркеуден өтуге болады.
Тестілеудің өзі 16 мамырдан 5 шілдеге дейін өтеді. Бұл ретте талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен гранттарды тағайындау конкурсына қатыса алады.
Айта кетейік, алдыңғы екі ҰБТ (қаңтар, наурыз) қорытындысы бойынша тестіленушілердің орташа балы 68,5 балды құрады, бұл былтырдың нәтижелерінен жоғары. Қатысушылардың 70%-дан астамы шекті балды жинай алды, ал ең үздік көрсеткіш – 135 балл. Талапкерлердің анағұрлым тиянақты дайындалуы үшін наурыз айында өткен ҰБТ-да әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау енгізілді.
Ұлттық тестілеу орталығы тегін онлайн-сынақ тестілеуін іске қосты. Онымен қоса ҰТО-мен бірлесіп әзірленген білім беру орталықтарының тегін онлайн сабақтары да жалғасып жатыр.
Пәндердің саны өзгеріссіз қалады - үш міндетті және екі таңдау бойынша. Тест тапсырмаларының саны – 120. Оның ішінде Қазақстан тарихынан – 15, математикалық сауаттылықтан – 15, оқу сауаттылығынан – 20 және екі бейіндік пәннен – 35. Ең жоғарғы ұпай саны – 140.
Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут).
Ерекше білім беруді қажет ететін талапкерлерге тест тапсырмаларын орындауға қолайлы жағдай жасау үшін алғаш рет негізгі 240 минутқа қосымша тағы 40 минут берілді. Сонымен бірге ерекше талапкерлерге арналған тапсырмалардың мазмұнына да өзгерістер енгізілді. Олар үшін тест нұсқалары суреттерсіз, диаграммаларсыз және сызбаларсыз әзірленді. Сондай-ақ ҰБТ кезінде компьютер экранында калькулятор, Менделеев кестесі және металдардың бірқатар белсенділігі қосылған тұздың ерігіштігі кестесі қолжетімді болады.
Академиялық адалдықты сақтау үшін талапкерлердің тест нұсқасы таңбаланады. Яғни әрбір ҰБТ-ға қатысушысының жеке тест нұсқасы болады. Ережелерді бұзған және тест тапсырмаларын аудиториядан тыс жерге шығаруға тырысқан жағдайда, Ұлттық тестілеу орталығы ереже бұзушыларды анықтап, оның тест нәтижелерін жояды.
Еске сала кетейік, үміткерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат аппеляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша