
Қарағанды облысының палуандары Никита Ермаков пен Қанат Әбдуақапов тірек-қимыл аппараты зақымданған және есту қабілеті бұзылған мүгедек спортшылар арасында армрестлингтен Азия чемпионатында үздік өнер көрсетті. Жарыс 24—27 сәуір аралығында Самарқандта (Өзбекстан) өтті.
Қазақстан құрамасы сапында құрлықтық біріншілікте Қарағанды облысының екі өкілі өнер көрсетіп, екеуі де медаль жеңіп алды.
Никита Ермаковтың арбамен жүрушілер арасында 55 кг салмақ дәрежесінде екі алтын жүлдесі бар (сол және оң қолдарымен). Ал Қанат Әбдуақапов есту қабілеті төмен спортшылар арасында 70 келі салмақ дәрежесінде екі күміс алды.
Азия чемпионы және жүлдегерін Руслан Түсіпбеков жаттықтырады.
Еске сала кетейік, өткен жылы Никита Ермаков әлем чемпионы атанды.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша