
Мамыр айының бірінші күні Қазақстанда Халық бірлігі күні атап өтіледі. Қарағанды облысы бойынша мерекелік мәдени және спорттық іс-шаралар жоспарланған. Бұл күні Қарағанды тұрғындары мен қонақтарының назарына қандай шаралар ұсынылмақ.
Бірінші мамыр 12:00-де қаланың бірнеше ауданында концерттік бағдарламалар басталады. Орталық мәдениет және демалыс саябағында "Қазақстан – достық мекені", Теміржолшылар МҮ-де – "Дружба народов", "Молодежный" МҮ – "Ынтымағы жарасқан – туған өлкем", Жаңа Майқұдық МҮ – "Қазақ елі – татулық мекені" іс-шаралары өтеді.
Сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін хайуанаттар бағы қонақтарды қарсы алады. Бұл күні ерекше қажеттіліктері бар балаларға кіру тегін. Келушілер үшін тақырыптық және шолу экскурсиялары, сондай-ақ жануарларға мініп, серуендеу ұйымдастырылады.
Орталық саябақтың стационарлық сахнасында сағат 12:00-ден 15:00-ге дейін ұлттық спорт түрлері бойынша бес асық, асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту, сондай-ақ дойбы мен шахмат бойынша барлық тілек білдірушілер арасында жарыстар өтеді.
Сағат 10:30-да тутұғыр жанында салтанатты түрде облыстық "Индустриальная Караганда" газетінің 75-ші жеңілатлетикалық эстафетасы ашылады.
М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхана Қазақстан халқының бірлігі күніне орай түрлі іс-шаралар дайындады. 28 сәуірде сағат 12:00-де "Қазақстан – бірлік пен бейбітшілік бесігі" достық іс-шарасы, ал 29 сәуірде сағат 13:00-де Мұхтар Мағауиннің "Бір әкенің балалары" кітабын оқу және талқылау өтеді.
Күн сайын 10:00-де 30 сәуірге дейін барлық балалар-жасөспірімдер клубтарында викториналар, квест-ойындар, "Халықтар достығы – ынтымақта" брейн-рингтері, "Шаңырақ шаттығы" би флешмобтары, суреттер, қолдан жасалған бұйымдар конкурстары, "Бір шаңырақтың астында" отбасылық фестивальдері, ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық жарыстар өткізіледі.
Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша