
Биылғы жылы мектеп бітірушілердің оқу ордасымен қоштасу кештерін өткізуге рұқсат етілді. Олардың барлығы оқу орнының қабырғасында ұйымдастырылуы керек.
Білім және ғылым министрлігінің ұсынымдарын ҚР БҒМ БСБ тәрбие жұмысы және қосымша білім беру басқармасының басшысы Самал Қадырова айтып берді.
Мектеп бітіру іс-шараларына мектептің педагогикалық ұжымы, түлектер, түлектердің ата-аналары, педагогикалық еңбек ардагерлері, Қамқоршылық кеңес мүшелері, патронаттық ұйымдар, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының, білім бөлімдерінің, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері және басқалар қатыса алады.
Мектеп бітіру кеші білім беру ұйымының өз күшімен ұйымдастырылуы керек.
Келесідей әрекеттерге рұқсат етілмейді:
- аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, ақылы әртістерді, мерекелік шараларға жеке студияларды тартуға;
- мерекелік дастархандарды ұйымдастыруға;
- автокөліктерді жалға алып, қала (аудан) бойынша экскурсиялар өткізуге;
- мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлықтар алу үшін қаражат жинауға;
- ойын-сауық мекемелерінде бітіру кештерін ұйымдастыруға.
Айта кетейік, Қазақстанның барлық мектептерінде соңғы қоңырау мерекесі 25 мамырда өтеді. Аттестат салтанатты түрде 16–17 маусымда табысталады.