Қарағанды облысында өткен брифингте Абай ауданының даму әлеуеті туралы айтылды

Қарағанды облысында өткен брифингте Абай ауданының даму әлеуеті туралы айтылды

Абай ауданында биыл бес қабатты үш үйдің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, 20,5 км автожолды жөндеу және қазіргі заманғы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды бастау жоспарланып отыр.

Абай ауданының даму болашағы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте әкім Бауыржан Асанов айтып берді.

Биыл Қарабас кентінде су құбыры желілерінің тармағын салу жоспарлануда, Дубовка ауылында су бұру желілерін қайта жаңарту жалғастырылады. 20,5 км автомобиль жолдарын жөндеу басталады. Бұл негізінен Абай қаласының жолдары. Сондай-ақ, «Абай» шахтасына апаратын Вольный бөлімшесіне кіретін жолды және Вольный – Долинка автожолын жөндеу жоспарланған.

Ауыл мектептерін жөндеу жұмыстары жалғасады. Өткен жылы Абай және төрт ауылдық округтің, сондай-ақ Топардағы мектептер жөнделді. Биыл Көксу жалпы білім беретін мектебінде, Топар кентіндегі Б. Момышұлы атындағы ресурстық орталықта және Жартас ЖББМ-де күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.

– Сондай-ақ бес білім беру нысанында модульдік қазандықтарды орнату жоспарлануда. Мектептен тыс ұйымдарды дамыту бойынша жұмыс жалғасады. Ауданда робототехника, 3D-модельдеу кабинеттерін, мектеп теледидарын ашу тәжірибесі кеңінен таралған. Үш балалар өнер мектебі жұмыс істейді. Біз олардың филиалдарын ауылдық жерлерде ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Бауыржан Асанов.

Биыл Топарда заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Қалалық Абай стадионында спорттық скейт-алаң салынады. Абайда, Дубовка ауылында хоккей корттары пайда болады. Жартас ауылында – Street Workout алаңы құрылады.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Құрма ауылындағы бұрынғы мектеп ғимаратын қайта жаңғырту аяқталады, онда ауылдық Мәдениет үйі ашылады. Жаңа ғимаратта кітапхана, коворкинг-орталық, спорт залы, қызығушылық бойынша клубтар орналасатын болады. Бірқатар ауылдарда мәдениет үйлерін жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар, мәдениет үйлері жанындағы жаттығу залдарына арналған музыкалық аппаратураны жаңартуға, музыкалық аспаптар мен спорттық мүкәммал сатып алуға қаражат бөлінді.

– Ауданда «MTL-Ferroalloys» ЖШС шағын және тазартылған ферроқорытпа шығаратын зауыт салу және Абай тігін фабрикасының өнеркәсіптік кешенін қалпына келтіру бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру жалғасады. Кен өндіру өнеркәсібін одан әрі дамыту «БАС» сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС Шерубай-Нұра көмірлі ауданындағы учаскені әзірлеу бойынша инвестициялық жобаны іске асыру есебінен жоспарланып отыр, – деп атап өтті спикер. – Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны артады деп күтілуде. 30 жаңа нысанды ашу, 139 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Сондай-ақ, біз 1535 жұмыссыздарды тұрақты жұмыс орындарына орналастырып, 50 грант беріп, жалпы 1847 адамды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтуды көздеп отырмыз.

Аудандағы тұрғын үй құрылысының қарқыны сақталатын болады. Биыл Абайда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бес қабатты үйдің және жеке инвестициялар есебінен екі бес қабатты үйдің құрылысы аяқталады. Дубовка ауылында 9 пәтер қалпына келтіріледі.

Сонымен қатар, Топарда энергетиктер паркі кеңейтіледі. Бұған қажетті қаражат бөлінді.

Абай мен ауылдардың шетінде көшені жарықтандыру тіректері орнатылады.

Айта кетейік, биыл Абай ауданына 25 жыл толады. Ол 1997 жылы 15 мамырда құрылған. Мерейтойлық күнге «100 жаңа есім» жинағы шығарылады, «Үздік жастар: жаңа тұлғалар» жобасы іске қосылады. Ауданның жас тұрғындары үшін еріктілер форумы өтеді.