Қарағанды облысында құрылыстың барлық кезеңдерінде қадағалау жүргізіледі

Қарағанды облысында құрылыстың барлық кезеңдерінде қадағалау жүргізіледі

Жыл басынан Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы 253 хабарлама қабылдады. Сонымен қатар, ведомство 17 тексеру жүргізіп, 29 әкімшілік іс ашты. Бес миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Қазіргі уақытта 170-тен астам нысанға ерекше назар аударылды. Олардың қатарында бюджет қаражаты және құрылыс салушылардың инвестициялары есебінен салынып жатқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысандар құрылысы бар.

Басқарманың қызмет саласына сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы лицензияларды беру және сарапшыларды аттестаттау, сондай-ақ жобаларды басқару жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу кіреді. Мұнда да бақылау жүргізіледі. Мәселен, жыл басынан бері техникалық қадағалау жүргізуге сарапшылардың екі аттестатының қолданысы тоқтатылды, жұмыс жобалары бойынша жалған сараптамалық қорытындылар берілуінің үш фактісі анықталды.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін, лицензиялау бойынша мемлекеттік қызметтер, құрылыс жұмыстарының басталуы туралы хабарламаларды қабылдау, аяқталған объектілерді енгізу бойынша салыстыру ақпараттық базалар арқылы ұсынылады. Қызметкерлердің өтініш берушілермен тікелей байланысы жоқ. 2022 жылдың үш айында 254 мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Заңдардың сақталуын және салынып жатқан объектілердің сапасын бақылау және қадағалау құрылыстың басталуы және тексерулер жүргізу туралы хабарламалардың көмегімен ғана жүзеге асырылмайды. Қарағандылықтардың барлық өтініштері міндетті түрде қаралады. Апта сайын азаматтарды жеке қабылдау жүргізіледі. Қызметкерлер әлеуметтік желілерде қала тұрғындарының сұрақтарына жауап береді. Сенім телефоны жұмыс істейді: (8-7212) 43-22-43 және хаттар мен өтініштерге арналған жәшік бар.

Сондай-ақ, сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларындағы талаптар туралы ақпараттандыру бойынша белсенді жұмыс заңнамалық база мен пайдалы сілтемелер орналасқан ресми сайтта, оның ішінде ашық деректер порталында жүргізіледі.

Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының ақпараты бойынша