Шахтинск жастары мүмкіндігі шектеулі балаларға ағылшын тілінен сабақ береді

Шахтинск жастары мүмкіндігі шектеулі балаларға ағылшын тілінен сабақ береді

Шахтинск қаласының Жастар ресурстық орталығы еріктілермен бірге мүмкіндігі шектеулі балаларды ағылшын тіліне оқыту бойынша All Inclusive Kids жобасын іске қосты.

– Біз мүмкіндігі шектеулі балаларға қосымша білім беру дағдыларын қалыптастыру бойынша All inclusive kids жобасын іске асыруға кірістік. Басты мақсат – сабақтан тыс оқыту үшін қосымша мүмкіндіктер жасау және мүмкіндігі шектеулі балалардың ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттыру. Сабақтарды еріктілер – жоғары оқу орындарының студенттері мен ағылшын тілін жетік меңгерген мектеп оқушылары өткізеді. Жұмысты №7 ОББМИ бастап, алғашқы сабақтар өтті. Балаларға ұнайды. Қазір 20-ға жуық адам оқып жатыр, алдағы уақытта көбірек балаларды қамтуды жоспарлап отырмыз, – деді Шахтинск қаласының Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жасұлан Хамитов.

Жобаның негізгі аудиториясы 12 жастан 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер болып табылады.

– Біздің мектеп алғаш рет осындай ағылшын тілін оқыту жобасының қатысушысы болды. 7–9 сынып оқушылары сабаққа үлкен ынтамен қатысады. Олар аптасына екі рет онлайн режимінде зумда өтеді. Балалар сөйлеуді, сөйлем құруды үйренеді. Егер осындай жобалар көп болса, басқа мектептер де қосылса қуанамыз, – дейді №7 ОББМИ қосымша білім беру педагогы Әйгерім Шынарбек.