
Қарағанды облысы Алматы мен Нұр-Сұлтаннан кейін медициналық сақтандыру қорына қаражат түсімдері бойынша көшбасшылар үштігінде. Үш айдың ішінде өңір тұрғындарының жарналары мен аударымдары 8,4 млрд теңгені құрады.
Оның 5,8 млрд-қа жуығы — жұмыс берушілердің жұмыскерлер үшін аударымдары, қалғаны — ЖК, жалдамалы жұмыскерлер мен дербес төлеушілер жарналары.
МӘМС жүйесінде дербес төлеушілер, жалдамалы қызметкерлер, ЖК "сақтандырылған" мәртебесін алу үшін соңғы 12 айда медициналық сақтандыру жарналары бойынша берешек болмауы тиіс. БЖТ төлеушілерде "сақтандырылған" мәртебесі ағымдағы төлемдерді қоса алғанда, үш ай тұрақты төлемдерден кейін пайда болады.
— Сіз өз мәртебеңізді біліп, қарыздың бар-жоғын telegram-SaqtandyryBot арқылы, fms.kz сайтынан, qoldau-24/7 мобильді қосымшасы арқылы тексере аласыз. Егер адам сақтандырылмаған болса, ең алдымен ол қандай айлар үшін қарызы бар екенін және не себепті екенін анықтауы керек. Егер көрсетілген кезеңде адам ресми түрде жұмысқа орналасса, бухгалтерияға жүгіну қажет. Егер жұмысқа орналаспаған және жеңілдікті санатқа жатпаған болсаңыз, онда өткізіп алған айлар үшін дербес жарналар жасау қажет, — деп түсіндірді медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының бөлім басшысы Светлана Щеткина.
Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша